Қазақстан қауіпсіз елге айналуы керек
Қазақстан қауіпсіз әрі жайлы елге айналуға тиіс. Президент Жолдауында құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуді жүктеді.
Автор: Мерей Қалиасқар
02.09.2024
«Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет» - деді мемлекет басшысы. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуы тиіс. Ол үшін құқық қорғау органдары кәсібилік, батылдық және табандылық танытуы маңызды.
Жолдағы қауіпсіздік те алаңдатарлық деңгейден асып барады. Бұған жыл басынан бері жол апатынан 1300-ден астам адамның қаза болуы дәлел. 16 мыңнан астам азамат түрлі деңгейде зардап шеккен. Сондықтан жол сапасынан бастап, жүргізушінің жауапкершілігіне дейін қатаң бақылауда болуы қажет дейді президент. Жолдауда айтылған тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасы мен нашақорлыққа қарсы күрес.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Бұл — ұлттың генетика қорын аман сақтап қалу мәселесі. Біз осыған дейін қажетті заңнама шараларды қабылдадық. Бірақ, нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады. Біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып жұмыла күресу қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!