Үкімет отырысы: Гранттар. Су ресурсы. Әлеуметтік әмиян
Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары балл ала тұра, гранттан қағылған түлектерді мемлекет алдағы уақытта гранттан қалыс қалдырмайды. Сондай-ақ жоғарғы оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін шекті балл да қайта қаралуы мүмкін. Бұл бастамалар бүгін Үкімет отырысында талқыланды. Мемлекет басшысының жолдауын іске асыру мақсатында әр салаға жекелей тоқтап, алдағы өзгерістерді қазақстандықтардың барлығы сезінуі керек деп отыр премьер-министр.
Автор: Айжан Шамшидин
03.09.2024
Бір жыл бұрын ғана құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысы енді қыз-қыз қайнайды. Президент күні кешегі жолдауында гидрологиялық бекеттердің желісін толық жаңғыртуды тапсырған. Бұрынғы ата-бабаларымыздан қалған қарғын суды жинау әдісін де қолға алмасқа болмайды. «Судың да сұрауы бар» деп қанша айтқанымызбен, іске келгенде дәл осы тіршілік нәрін сақтау, оны молайту жұмысында олқылық көп.
Қанат Бозымбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:
— Су ресурстарын тиімді басқару үшін қолданыстағы гидрологиялық бекеттердің желісін 73%-дан 82% дейін немесе 377-ден 419-ға дейін жеткізу арқылы жаңғырту қажет. Бұл бақылау мен болжау сапасын жақсартуға, сондай-ақ ықтимал қатерге жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Үкіметте тағы бір айтылған мәселе, жаңа жылдан бастап «Әлеуметтік әмиян» жүйесін енгізу. Цифрлық даму министрлігі еңбек, денсаулық сақтау мен оқу-ағарту министрліктерімен бірлесе әмиянға кіретін мемлекеттік қызмет тізілмін бекітуге тиіс. Дәл осы цифрланған жүйеде ұялы телефон арқылы әр ата-ана баласына қажетті ақпарды біліп отырады.
Тамара Дүйсенова, ҚР премьер-министрінің орынбасары:
— Мемлекеттік қолдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін балаларды тәрбиелеу, оқыту және тамақтандыруға бөлінетін қаражат көлемі мобильді қосымшада немесе ата-аналардың "Әлеуметтік әмиянында" қызметті нақты алу фактісіне қарай көрсетіліп отыратын болады.
Өңірлерде маман тапшы. Айлығы жақсы болса, аймаққа барып, туған өлкені түлеткісі келгендер баршылық. Сондықтан ең әуелі кадрлар дайындау мақсатында колледждерді профилизациялау процессі жыл соңына дейін аяқталуы қажет. Ең озықтарын лигаларға жіктеп, үздік жүздікке кірген колледждер шет елдік жоғары оқу орындарымен жұмыс істейтін болады. Президент Салық кодексін қабылдау мерзімін бір жылға созған болатын. Сондықтан жеке табыс салығының сараланған ставкаларын белгілеу, арнаулы салық режимін қайта қарау Ұлттық экономика министрігінің алдағы уақытта пысықтайтын жұмыстарының бір парасы.
Олжас Бектенов, ҚР премьер-министрінің орынбасары:
— Әрбір тармақтың орыдалуы қатаң бақылауда болады. Әрбір тармақтың орындалуы қатаң бақылауда болады. Бұл ретте қорытынды нәтижеге, оның экономикаға тиімділігіне баса назар аударылады. Азаматтардың табыс деңгейін арттыру Үкімет жұмысының өзгермейтін басты мақсаты.
Бүгінде аудандық маңызы бар қала, ауыл, кенттер мен ауыл округтерінің әкімдерін тікелей халықтың сайлау үрдісі жалғасып келеді. Келер жылы аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың тізгінін ұстайтын атқамінерлерді де қазақстандықтар таңдай бастайды. Бастысы, Олжас Бектенов сөзін түйіндегендей, Жолдаудағы әр бастама айтылған жерінде аяқсыз қалмай, қазақстандықтардың пайдасына жарауы қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары