Астана: Тұтас ықшамауданда балалар сабаққа жаяу барып-келіп жүр
Елордада тұтас бір ықшамауданның оқушылары сабаққа жаяу келіп жүр. Өйткені шеттегі ауданнан мектепке қарай қала ішіндегі автобустар да қатынамайды. Ата-аналар да автобус тасымалының алынып тастағанын жаңа оқу жылы басталарда бір-ақ білген. Дереу құзырлы орындарға да шағым жазылғанымен, олардан да қайыр шамалы.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
03.09.2024
Жаңа оқу жылы бұл ата аналарға қарбаласпен басталды. Қаладан шетінде салынған көпқабатты үйлерден мектепке жету қиын. Шынымен де қамыс-қоғасы өскен аумақтан шығу балаға оңай емес.
Аялдамаға жету үшін балалар алдымен мына айдаладағы қамыс қамыстың арасынан өтуге тиіс. Бұл жер, әсіресе, кешқұрым бала түгілі, ересектерге қорқынышты. Жалғыз аяқ жолмен бір шақырымнан аса өтіп барып қана автобусқа жетеді. Оның өзінде автобусқа сыймай қалуы мүмкін.
Бұл жерден мектепке тура қатынайтын автобус жоқ. Бір жұбанарлығы, бұл ықшамауданда жаңадан мектеп салынып жатыр. Желтоқсан айында тапсырылуы тиіс. Бірақ, соған дейін шыдамай, балаларды автобуссыз қалдырғанын ата аналары түсінбейді.
Айгүл Ерғазина:
— Біз, ата-аналар уақытша мектеп автобусын жіберуді сұраймыз. Жаңа мектеп ашылғанша балаларды айдаламен жаяу жібере алмаймыз. Балаларымыз үшін қорқамыз. Былтырғыдай неге тасымалдай бермейді?
Өткен оқу жылында осы ауданнан 500-ге жуық оқушыны арнайы автобустар тасымалдаған. Жаңа мектеп ашылып, 300-дей бала сонда ауысыпты. «Бірақ мектептен мектепке ауысудан шаршадық» дейді мұндағы тұрғындар.
Ақмарал Досыманова:
— Бір жылда үш мектеп ауыстырамыз. Өйткені қала шетінде тұрғаннан кейін әр ауданда мектеп ашылған сайын, біздің үйдің бүкіл баласын сол мектепке ауыстырады.
Ауыспай қалған 200 баланың автобусын да сол мектепке беріп жіберсе керек. Шу шыққаннан кейін ғана мәселе ертеңнен шешіледі деп уәде етті мектеп директоры.
Шынар Әубәкірова, Астана №95 мектеп-лицейінің директоры:
— №108 жайлы мектепке 11 автобус берілген. Бағыстан, Жетісу, Ақсуға дейін. Сол үшін бізден бала тасуды алып тастады. Ертеңнен бастап үш автобус болады.
Мектептен‑мектепке көшіруден ата-ана да, бала да шаршаған. Енді не де болса, жаңа жайлы мектепті күтпек. Бәрінікі соған дейін автобусты қайтарса деген тілек қана.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!