95 жастағы Бибігүл Төлегенова Air Astana компаниясына қапалы.
Арбаға таңылған халық әншісіне дөрекі сөйлеп, ұшаққа дер кезінде кіргізбей қойған. 95 жастағы Бибігүл Төлегенова Air Astana компаниясына қапалы. Қызметкерлері әйгілі әншінің денсаулығының сыр бергеніне қарамастан, ұшаққа өзгелерден ерте өткізбей қойыпты.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
04.09.2024
Гүзел Төлегенова, Б. Төлегенованың қызы:
— Бибігүл Төлегенова қызметкерге «қызым, мен Астана қаласының құрметті азаматымын, бір мәрте өткізіп жібере аласың ба» деді. Ол: «Мен танып тұрмын. Жоқ» деп, дөрекі жауап берді. Біз негізі кептеліске түсіп, сәл кешігіп қалған едік. Арбамен жетеміз дегенше, тіркеуде тұрған жолаушылар саны да аз болған. Соған қарамастан, қызметкер арбаға таңылған жолаушылар ұшаққа бірінші болып, немесе соңғы жолаушының отыруын күту керектігін алға тартып, бортқа кіргізбей қойды. Мейлі, өткізбесін. Бірақ, дұрыстап түсіндірсе болады ғой. Үлкенге, сыйлы адамға құрмет деген мүлде жоқ.
Халық әншісі Астанадан Алматыға қарай ұшпақ болыпты. Ертерек өткізіп жіберуін сұрауына омыртқасының ауырсынуы себеп болды дейді қызы. Бірақ қызметкер сол күйі айтқанынан қайтпай қойыпты. Ақыры екеуі жолаушылардың соңынан ұшаққа отырған. Осы оқиғадан кейін желіде біраз шу шығып, Air Astana компаниясы жауап қайырды. Олар қауіпсіздік ережесін алға тартып отыр. Тәртіпке сай, арбаға таңылған жолаушылар басында немесе ең соңында кіруі керек екен. Елді елең еткізген жәйт мұнымен тоқтамай, бүгін Мәжілісте де көтерілді.
Нартай Сәрсенғалиев, Мәжіліс депутаты:
— 95 жаста. Соншалықты тарихи тұлғамыз. Мүгедектер арбасында отыр. Сондықтан дәл осы мәселеге қатысты шара қолданасыз, қаперіңізге аласыз деген сенімдемін. Бұл елдің, халықтың, осы отырған баршамыздың талап-тілегіміз деп білерсіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!