Паралимпиада-2024: Дегтярев пауэрлифтингтен тағы да алтын медаль алды
Екі дүркін паралимпиада чемпионы. Парижде өтіп жатқан спорт додасында отандасымыз Давид Дегтярев пауэрлифтингтен тағы да алтын медаль иеленді. Осылайша ол қатарынан екі Олимпиадада ең үздік нәтиже көрсетіп отыр. Ал Дастан Мұқашбеков Азия рекордын жаңартты. Жеңіл атлет ядроны 16 метрге лақтырып, қола медаль жеңіп алды.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
05.09.2024
Парижде өтіп жатқан Паралимпиаданың жетінші күніндегі көрсеткіш қуантарлық. Қоржынымызға бірден екі медаль түсті. Парапауэрлифтингтен ерлер арасында 54 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Давид Дегтярев ең үздік нәтиже көрсетті. 188 келі салмақты еңсеріп, отандасымыз тағы да алтын медаль иеленді. Осылайша ол Қазақстан тарихындағы тұңғыш екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанып отыр.
Давид Дегтярев, Паралимпиада ойындарының алтын жүлдегері:
– Маған жанкүйер болғандардың бәріне рахмет! Барша Қазақстан халқына алғысым шексіз!
Давидтің пауэрлифтингпен айналысқанына он жылға жуықтаған. Анасы оның Парижге аттанарда «медальсіз оралмаймын» деп сөз бергенін айтады.
Ирэн Дегтярева, Давидтің анасы:
- Бұл жолы қатты уайымдадым. Себебі, ұлым көтеретін салмақтың ауырлығын көріп шошыдым. Кеше өзімді қоярға жер таппадым. Бірақ оның жеңіске жететіне іштей сендім.
Көп ұзамай, қанжығамыз тағы бір медальмен толықты. Бұл жолы Дастан Мұқашбеков ядро лақтырудан қола медальді жеңіп алды. Ол ядроны 16 метрге лақтырып Азия құрлығының рекордын жаңартты.
Дастан Мұқашбеков, Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері:
- Аллаға шүкір, қазір қола медальға жетіп жатырмыз. Қазақстандықтар, қандастар, қолдап жүргендерге көп рақмет! Осы жердесіңдер.
Париж төрінде өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында ұлттық құраманың қоржынында бір алтын, бір күміс және қола медаль бар. Жалпыкомандалық есепте еліміз 47-орынға жайғасқан.
Бүгін жүзуден Әмір Мұратбеков пен Нұрдәулет Жұмағали және дзюдошы Ақмарал Науатбек те финалға жолдама алды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!