Жалпыға бірдей декларация: Бар-жоғы бір-екі минут кетеді
Жалпыға бірдей декларация тапсырудың аяқталуына он күн қалды. Биыл мүлік туралы деректі бизнес өкілдері мен жеке кәсіпкерлер беріп жатыр. Бұл ретте Мемлекеттік кірістер комитеті құжат тапсыруға бар-жоғы бір-екі минут қана кетеді деп түсіндіріп отыр. Оның анық-қанығын іс жүзінде КТК тілшісі анықтап көрді.
Автор: Мерей Қалиасқар
05.09.2024
Айзат Қадырбайдың қоғамдық тамақтану саласында кәсіппен айналысып жүргеніне бес жыл болды. Кәсіпкер ең алғаш декларация туралы естігінде «бюрократия болып, өтініш беру қиынға соға ма» деп алаңдап, бұл мәселемен мейлінше ертерек айналысуды ұйғарды. Шынында ол анау айтқандай, ештеңені толтырудың қажеті жоқ екеніне көз жетіп, таңырқаған. Бар болғаны — смартфонның көмегімен бірнеше минут ішінде өтінім жіберіпті.
Айзат Қадырбай, кәсіпкер:
— Жыл басында декларацияны уақытында тапсырып тұрамыз. Ешқандай кешіктірген кез болмаған. Каспий қосымшасында тапсырамыз. Өте оңай, жеңіл. Ешқайда барудың керегі жоқ. Қолжетімді.
Салық декларациясын Мемлекеттік кірістер комитетінің веб порталында, Egov және Kaspi, Халық пен Центр Кредит Банкінің мобильді қосымшасында тапсыруға болады.
Биыл 15 қыркүйекке дейін заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және жеке кәсіпкерлер мен оның жұбайы елдегі әрі шетелдегі активтері туралы мәлімет ұсынуға тиіс. Декларацияда олар 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша мүліктерін көрсетуі керек. Жалпы мұнда аса бір ештеңе толтырудың қажеті жоқ, тек бірнеше сұраққа жауап беру керек. Ол сауалдар негізінен шетелдегі мүлікке қатысты. Ал Қазақстанда тіркелген пәтерлер мен көліктер туралы ақпарат берудің еш қажеті жоқ.
Әсемгүл Мұстафина, ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысының орынбасары:
— 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыру керек. Ең белсенді тапсырған:Түркістан, Ұлытау облыстары, ал ең төмен тапсырған: Астана, Алматы қаласы. Мерзімінен кешіктіріп тапсырса,әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет —ескерту, екінші рет— айыппұл, 15 айлық есептік көрсеткішпен.
Айта кетейік, декларация тапсырғанда қандай да бір қателік жіберілсе, оны бірден түзетуге болады. Қазір бір жарым миллион бизнес өкілі декларация тапсырып үлгерді. Мемлекеттік кірістер комитеті жалпыға бірдей декларация әділ салық салуды қамтамасыз етуге, көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге және әлеуметтік саясатты жетілдіруге бағытталды деп түсіндірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!