Ғани Бейсембаев: Әкімдіктер мектеп асханасын бақылауды күшейтуі керек
Маңғыстау облысындағы оқушылардың жаппай улануынан кейін жергілікті әкімдіктер мектеп асханасын бақылауды күшейтуі керек. Әйтпесе, оқу-ағарту министрлігінің білім ошағын ас-ауқатпен қамтамасыз ететін кәсіпкерлердің жұмысын тексеруге құзыры жоқ деді ведомство басшысы. Сондықтан азық-түлік сатып алу кезеңінен бастап, дайындалған ас балалардың алдына қойылғанға дейін процесті үнемі бақылауда ұстау керек дейді Ғани Бейсембаев.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
10.09.2024
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
— Білім беру ұйымында тамақтандыруды ұйымдастыруға қатысты мәселе заңнамалық база арқылы күшейтілген. Әрбір білім беру ұйымында бар бракераж комиссия бұрындары аптасына бір рет тексеру жүргізсе, енді тексеруді күнделікті жүргізе алады. Өңірлік мониторинг топтары да кез келген уақытта тексеру жүргізеді. Мониторинг жұмыстарынан соң міндетті түрде шара қабылданады. Бұл оқиғаға қатыстылардың бәріне заңды тәртіптік жаза қолданылады.
Үкімет басшысы осы оқиғадан кейін бір ай ішінде елдегі бүкіл мектептің асханасын тексеріп шығуды тапсырған. Бесшоқы ауылындағы №8 мектептің асханасында тамақтан жаппай уланған оқушылардың беті бері қарай бастады. Жансақтау бөліміне түскен екі баланың жағдайы да тұрақталған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі мәлімдеді. Мұнайлы ауданына Астана, Алматыдан дәрігерлер мен санитар мамандар жіберілген.
Айта кетсек, бір мектептің 500-ге жуық оқушысы өткен жұмада уланып қалған болатын. Бірінші ауысымда оқитындар мектепте тегін берілетін асты ішкен соң өзін жайсыз сезіне бастаған. Сол күні асхана мәзірінде картоп пен котлет болыпты. Қызуы көтеріліп, интоксикация белгілерімен ауруханаға бір үйден тіпті екі-үш баладан түскен.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
— 462 бала медициналық көмекке жүгінді. Оның ішінде 92 оқушы ауруханаға жатқызылды. Қазір 17 бала аураханадан шыққан. Жансақтау бөліміне түскен екі оқушы денсаулығының тұрақталды, олар жалпы бөлімшеге шығарылды. 387 бала амбулаторлық ем алып жатыр. Оқиға орнында денсаулық сақтау вице-министрі жұмыс істеп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!