«Көпір салынсын». Ақтөбеде жолдан өтіп бара жатқан әйелді баласымен бірге көлік қағып кетті
Ақтөбеде жаяу жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқан анасы мен баласын көлік қағып кетті. Ауыр соққыдан үш жасар бүлдіршін оқиға орнында көз жұмған. Оқиға сүт зауыты ауданындағы айналма жолында болды. Осы апаттан кейін тұрғындар шенеуніктерден аспалы көпір салуды талап етуде.
Автор: Жаңалық Ахаш
11.09.2024
— Дұрыс жол қою үшін адам өлу керек пе? Кіп-кішкентай бала, үшке енді толады. Бүгін қайтыс болды. Киімдері жерде шашылып жатыр.
Қаршадай қыздың қазасынан кейін осы маңдағы тұрғындар жолдан өтуге қорқып қалған. Бұл маңда адамды көлік қағып кету оқиғасы бірнеше рет тіркелген. Жолдың арғы бетінде мектеп бар. Сондықтан баласының қауіпсіздігіне алаңдаған тұрғындар бағдаршам орнатып, жол үстінен көпір салуды сұрап отыр. Әкімдіктегілер тәртіп сақшыларымен білесіп бірер күнде бағдаршамға қатысты талапты орындауға уәде берді. Ал анасы мен баласын қағып кеткен «Газель» автокөлігінің 18 жастағы жүргізушісі қамауға алынған. Көз жұмған қыздың анасы жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы тым ауыр, дейді дәрігерлер. Сондықтан қызының көз жұмғанын да естіртпепті.
Мақсат Бектеміров, Ақтөбе облысы көпсалалы аурухана дәрігері:
— Науқастың жағдайы тым ауыр. Сүйектері зақымданған. Жабық басжар ақатын алып, екі жақ қабырғасы сынған. Оң жақ жамбасы сынған. Қазір ауыр жағдайда, травматикалық шокпен күресіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!