Алматы облысында жер телімін алғандар: Су, жарық, жол да жоқ
Су да, жарық та, жол да жоқ! Алматы облысында жер телімін сатып алған тұрғындар учаскелер инфрақұрылым игілігінен мүлдем жұрдай екенін біліп шу шығарды. Жұрт соның салдарынан үй сала алмай отыр. Ал енді бірі әупірімдеп жүріп тұрғызған баспанасына кіре алмай отыр. Тығырыққа тірелген жер иелеріне әкімдік өкілдері «еш көмек бере алмаймыз» деп кері қайтарған. Өйткені бақандай 90 жер телімі бұған дейін жеке адамның иелігінде болған екен. Сондықтан ат шаптырым аумаққа коммуналдық қызметті сол тартуы керек еді дейді.
Автор: Шапағат Мырзабекова
11.09.2024
90 отбасы жер телімін дәл осы аумақтан бір жыл бұрын сатып алған. Үй салып, көп ұзамай қоныс тойын тойлаймыз деп қуанған. Алайда мұнда жайлы өмір сүруге жағдай жасалмаған болып шықты. Себебі: инфрақұрылым атаулыдан мұнда электр қуаты да тартылмаған.
Қиындыққа қарамай, жағдайы келгенше үй салып, қазір сонда тұрып жатқаны да бар. Айтуларынша, жаңбыр жауса, көшеде жүру қиын. Оған қоса жарық та жоқ. Әйтеуір амалын тауып, генератор орнатып күн көруде. Алайда оның өзі де тек жанармаймен жұмыс істейді.
Әйгерім Өксікбаева:
— Үлкен балам тоғыз жаста. Екі кішкентай баламды соған тастап кетемін, Қорқамын. Алдында жұмыстан сұранып, ауырып келдім. Бұлар генератор қоса алмай отыр екен. Оталмай қалған. Жарығы өшіп қалған ғой. Енді телефонның батареясы таусылған. Үшеуі шоқиып отыр. Сіріңке жағып қосайық деп. Ертең сіріңкеден бензин атылса ше? Не болады? Бәріне айтып жатырмыз, ешкім ештеңе демейді.
Дүйім жұрт жер телімін бір адамнан сатып алған. Ол үшін әрқайсысы 2 жарым миллион теңгеден төлепті. Жер телімін жаппай сатқан кәсіпкер осы уақытқа дейін коммуналдық жүйе кіргізіп беремін деп уәдеге тойдырып келген.
Ақылбек Қағазбаев:
— Талғат деген кісіге бірнеше рет хабарластық. «Бәрін қатырамын, бәрін жасаймын» деді. Содан кейін мені бұғаттап тастады. Жолды да енді бізге де артып қойды. Негізі заң бойынша жерді сатқан адам жолды, жарықты жасап беріп қана сату керек екен.
Жерді сатқан адамның өзімен байланысу мүмкін болмады. Оның орнына жағдайды баласы түсіндіріп берді.
Азат Қожыбаев:
— АЖК-ға тапсырамыз. Олар техжағдайын қалай береді, мен солай барып трансформаторды қоямын. Оның бәрін өз есебімнен жасап беремін. Трансформаторды қосып, тоғын, бәрін беремін. Трансформатордан тегін өздері қосып алады.
«Сырғытпа жауаптан шаршадық» деген жұрт әкімдікке де бірнеше рет шағымданған. Алайда жергілікті биліктен қайыр болмай тұр.
Бауыржан Жұмабаев, Іле ауданы Асқар Тоқпанов ауыл округінің әкімі:
— Біз тұрған жер телімі жеке меншіктен ЛПХ-ға өткен. Қазір бұл материалдарды прокуратура органына бердік. Өйткені бұл жердегі ең бірінші мәселе — су,жол, жарық. Бірақ жекеменшік иелері өзі жасаймыз деп уәде берген. Біздің тарапымыздан ештеңе жасай алмаймыз. Себебі, біз тұрған жерде мемлекет актілері жатыр, жекеменшік. Мемлекет қаражатын жұмсай алмаймыз.
Құрғақ уәдеге тойған жұрт енді сотқа арызданбақшы. Өйткені суы мен жылуы жоқ қараңғы үйде күнелтіп келгендердің қазір пәтер жалдап тұруға да шамасы жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!