{metadescription}
Астаналықтар: Оқушының мәйіті табылған ескі ғимарат сүрілсін
Астаналықтар: Оқушының мәйіті табылған ескі ғимарат сүрілсін

Астаналықтар: Оқушының мәйіті табылған ескі ғимарат сүрілсін

Астанада тұрғындар ескі балабақша ғимараты сүрілсін деп талап қойды. Тұрғын үйлер мен мектепке іргелес тұрған ескі нысанда күні кеше ғана 14 жастағы оқушының мәйіті табылған және бұл үш жылдан бері қаңырап тұрған ғимаратта қайғылы жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ екен. Бүгін бұл жерге марқұм қыздың ата-анасы да келді. 14 жастағы оқушының қаңғыбастар мекеніне айналған айдаладағы ғимаратқа кеп есірткіден жүрегі тоқтапты.

Жұрттың даурығып, әкімдіктен келгендерге бас салуы тегін емес. Иесіз ғимаратта күні кеше оқушы қыздың мәйітін ойнап жүрген балалар тауып алған. Жыр болған нысан енді «толық сүрілсін» деп отыр тұрғындар. Бұл ертеректе жабылып қалған балабақша. Кейінгі жылдары түсініксіз діни ұйымдар жалға алыпты.

Игорь Божченко:

2021 жылы жазда мұнда орналасқан сектаны полиция қуып шықты. Ол кезде де түрлі адам тынышымызды алған. Қатты дауыстап құлшылық жасайтын. Ғимарат қоршалған жап-жақсы еді. Содан кейін бұза бастады.

Қайғылы оқиға болған ғимараттың ішіндегі жазулардан шынымен төбе шашың тік тұрады. Әркімдердің о дүниемен тілдесуі, өмір мен өлім жайлы шумақтар, қорқынышты бейнелер. Осындай жерде жас балалар күнде ойнап жүр.

Маңайдағы жұрт үреймен қарайтын ескі ғимаратта бұған дейін де адам өлген. 4 рет өрт болып, тұрғындарды біраз әуреге салыпты. Сонда да ғимаратқа жауапты органдардың назары түсер емес.

Бүгін бұл жерген марқұм қыздың ата-анасы да келді. Айтуларынша, Аурелия спортқа жақын, көңілді бала болыпты. "Жүрегі тоқтап қалды, оның үстіне мына жерге өзі келді дегенге сенбейміз" - дейді анасы.

Анна Епова, марқұмның анасы:

Қызымызды есірткіден өлді деп жатыр. Мүлдем олай емес. «Жүрегі тоқтап қалды» деді бізге. Жүрегі ешқашан ауырмаған. Волейбол ойнайтын, спортқа жақын болған. Біз қалайда шындыққа жетеміз. Бүгін полицияға арыз қалдырдық.

Оқушы қыздың ажалы неден болғанын енді сот медициналық сараптама анықтайды. Оның нақты қорытындысы әзірге шықпаған. Ал жергілікті шенеуніктер ескі ғимаратты «жақын арада қолға аламыз» деп уәде берді.

Дамир Әбдуәлиев, Астана қалалық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

Мен 8 тамызда ғимаратты балансқа алдым. Енді жұмыс істей бастаймыз. Жекеменшік болды ма, тарихын білмеймін. Алдымен техникалық жағдайын тексереміз. Тез арада қоршаймыз, қауіпсіздік үшін күзет қоямыз.

Құрылыс басқармасының құзына өткен нысан қайта балабақша бола ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Ал марқұм қызды ертең туғандары жер қойнына тапсырады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде