Депутаттар: Қажетсіз іс-шараларды тыймаса, бюджет тапшылығы ұлғайып барады
Орынсыз жиындар мен қажетсіз іс-шараларды тыймаса, бюджет тапшылығы жылдан-жылға ұлғая береді. Алдағы екі жылдың қаржы жоспарын таныстыруға келген ұлттық экономика мен қаржы министрліктеріне депутаттар осындай кеңес берді.
Автор: Айжан Шамшидин
12.09.2024
Ерлан Саиров Мәжіліс депутаты:
— Бюджет тапшылығы 4,8 триллион теңге. Міне осы 4,8 триллион теңгені сіздер қазір қарызға алып отырсыздар. Енді мынау 25,7 триллион теңгенің ішінде қазірдің өзінде 10 пайызын қарыздан төлеп отырсыздар. Сонда біздің бюджеттің он пайызы тек қана қарыз өтеуге кетеді деген сөз. Осы 4,8 триллион теңгені сіздер қандай мөлшермен алып отырсыздар?
Бюджет шығыстарын жоспарлауда жауапты министрліктердің қателік жібергенін жоғары аудиторлық палата да анықтапты. Атап айтсақ, «Жайлы мектеп» пен «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын жүзеге асыруда, республикалық автожолдарды салу мен жөндеуде шығын есептеудің бірыңғай әдістемесі болмаған. Сәйкесінше, жобаларды іске асыру кезінде қажетті қаражат орталықтан екі есе көп сұралған. Мәселен, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2025 жылға жоспарланған 152 мектептің әлі бірде бір кірпіші қаланбапты. Депутаттар Ұлттық қорға қол сала бергенше, қарапайым дүниелерден үнемдеуді бастау керек дейді.
Әділ Жұбанов, Мәжіліс депутаты:
— Кірістің көптеп азайғанын байқап отырмыз. Мысалы, кішкене мәнісін түсінетін адам осындай жағдай шығысын азайтады, оптимизация дейді. Біз бұрын мектеп жасында оқыған кезде бір оқулықпен ондаған жыл оқыдық. Он жас үлкен ағамның кітабын оқығанмын. Қазір қалай, жылда жаңа оқулықтар, жаңа әдістемелер, дәптерлер. Оған бюджеттен мыңдаған миллиард кетеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!