Көшпенділер ойындары: Қазақстан көкпаршылары қырғыздарды 5-4 есебімен жеңді
Жігермен келген жеңіс. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан көкпаршылары алтын жүлдеге қол жеткізді. Ел құрамасы жауапты сында өзінің бітіспес қарсыласы — Қырғызстан шабандоздарымен кездесіп, 5-4 есебімен жеңіске жетті.
Автор: Мерей Қалиасқар
12.09.2024
Көкпар десе делебесі қозып, орнында тыпыршып отыра алмайтындар тайлы-тұяғымен қалмай «Қазанат» атшабарына жиылды. Ипподромда ине шаншар жер жоқ. Ұлттық спорттың 15 мыңға жуық жанкүйері көкпар майталмандарының арасындағы бәсекені көруге асық. Әуелі алаулатып-жалаулатып қоғадай жапырылған халыққа ат үстіндегі ерекше көрініс көрсетілді. Артынша қол соғып қиқулаған көрермен бар назарын тағатсыздана күткен қазақ-қырғыз тартысына аударды. Алаң иелері алғашқы минутта-ақ қарсылас шеңберіне салым салып есеп ашты. Алайда қырғыз көкпаршылары, көп ұзамай есепті теңістіріп қана қоймай, ойын тізгінін өз қолына алып, бірінші кезеңді үш салыммен қорытындылады.
Екінші кезеңге алаң қожайындары жігерленіп шықты. Қарымта шабуылдардың бірінде қазақ шабандоздары мүмкіндікті мүлт жібермей, есеп айырмасын қысқартты. Ойын өрнегі біршама жақсарып, бірер минуттан соң таблодағы көрсеткіш 3-3 болып өзгеріп шыға келді. Енді бірде қырғыз спортшысы екі минутқа алаңнан қуылып, қазақстандықтар ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып кетті. Есеп 4:3, алаң иелері алға шықты. Алайда...
Ойынның соңғы минутында Қырғызстан шабандозы Өмірбек Есенұлы есепті 4-4 жеткізіп, Қазақстан құрамасының қуанышын су сепкендей басып, қосымша уақыт берілді. Он минутта алғашқы болып кім бірінші салым салса, сол жеңіске жетеді.
Экстра-таймның төртінші минутында құрама капитаны Құрманбек Тұрғанбек қырғыз қорғаушыларының арасынан сытылып шығып, алтын салым салып, көшбасшы екенін көрсетті.
Тартысқа толы бәсеке 5:4 есебімен аяқталып, қазақстандық көкпаршылар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды.
Дәулет Айтан, Көкпардан ұлттық құраманың мүшесі:
— Қазақ елі, бүгінгі ұтып алған бірінші орынымыз құтты болсын! Ұлттық спорт жасай берсін! Қазағымыздың көк туы тек көкте желбірей берсін! Рақмет, баршаңызға!
Ал команданың бас бапкері ойынның қиын болғанын айтып, жігіттерді барынша жігерлендіріп, рухын оятып алаңға шығарғанын жеткізді.
Ақылбек Манкеев, Көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері:
— Бүкіл ел қарап тұр. Қаншама көрермен, қаншама жанкүйер. Бәрін тоқтатып, көрсеттік қой. «Қараңдар, сендердің артыңда кім тұрғанын. 20 млн халық тұр! Шабыттанбасаңдар, ертең масқара боламыз» деген сияқты. Жоқ, жігіттерге рақмет!
Алтын жүлдеге таласып, жанын салып, қазақ жанкүйерлерін қуантқан шабандоздардың осы жеңісіне қанша сыйақы алатыны да белгілі болды.
Қарлығаш Рамазанова, Қазақстанның ұлттық және ат спорты түрлері орталығы директорының орынбасары:
— Егер көкпардан Қазақстанның құрамасы бірінші орын алған жағдайда, 12 спортшы мен үш жаттықтырушыға 5 млн теңгеден беріледі. Көкбөрі спортынан жеңімпаз атанған жағдайда, әр спортшы мен жаттықтырушыға 10 млн теңгеден жүлде қорын тағайындап отыр. Ол — ақшаға қызықтыру емес, спортшыларды ынталандыру мақсатында.
Талас-тартысқа толы кездесу алыс-жақыннан ат арылтып келген жанкүйерлерге ерекше эмоция сыйлағаны анық.
Көкпарға тоғыз мемлекет қатысып, Қазақстан алтын жүлдені қанжығасына байлады. Күміс жүлде Қырғызстанға бұйырса, Ресей қола медальды қанағат тұтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!