Алматы облысында қоғамдық көлік көпірден микроавтобустың үстіне құлады
Алматы облысында қоғамдық көлік жолайрықтан ауып, төменде келе жатқан микроавтобусты басып қалды. Төбесіне үлкен автобус құлаған көлікте Қырғызстаннан құдалықтан келе жатқан 15 адам болған. Соның алтауы зардап шекті. Ал көпірден құлаған автобустың жүргізушісі комада жатыр. Жол апатына қоғамдық көлік жүргізушісінің қанты көтеріліп, рөлді басқара алмай қалуы себеп болуы мүмкін.
Автор: Шапағат Мырзабекова
13.09.2024
№78 бағыттағы қоғамдық көлік Қаскелең қаласына қарай келе жатқан. Жүргізушінің кенет қандындағы қант мөлшері көтерілген көрінеді. Тізгінге ие бола алмай, автобус алдымен жол бойындағы қоршауға соғылып, сосын Бішкек-Алматы тас жолына құлаған.
Қоғамдық көлік дәл осы сәтте көпірдің астынан өтіп бара жатқан микроавтобустың үстіне құлаған. Жол апаты кеше түнгі 11 шамасында болды. Абырой болғанда қоғамдық көліктің іші бос болған. Ал микроавтобустың ішіндегі 15 адам Қырғызстаннан тойдан қайтып келе жатыпты. Жарақат алған алты жолаушы мен жүргізуші ауруханаға жеткізілген.
Алтай Достияров, Қарасай ауданы клиника-көпбейінді орталық ауруханасының бөлімше меңгерушісі:
— Көлік апатынан 8 адамды әкелген. Қарасай ауданы орталық ауруханасында жетеуіне көмек көрсетіліп, үйіне қайтарылды. Біреуі жарақат бөлімінде жатыр, жағдайы орташа. Емдем жатыр.
Апатқа қоғамдық көлік жүргізушісінің қанында қант мөлшерінің көтерілуі себеп болуы мүмкін. Онымен қоса жол апатында аяғы сынып ауруханаға түскен жүргізуші жалпы палатаға ауыстырылды. Жол-көлік апатына байланысты полицейлер қылмыстық іс қозғады.
Елжан Чупеков, Алматы облысы ПД бастығының орынбасары:
— 12 қыркүйекте сағат 22:50-де автобус жүргізушісі Жалпақсайдың соңғы аялдамасынан автотұраққа қарай бет алған. Жүргізушінің қанындағы қант мөлшері 35 миллимольге көтерілген. Ол көпірдегі қоршауды бұзып, төменге, Бішкек-Алматы тасжолына құлаған.
Көпірдің қоршауы көше бойында әлі тұр. Қоғамдық көлік те алынбапты. Ал микроавтобус оқиғаның мән-жайы нақтыланғанша, айыптұрағына орналастырылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!