«Кешірім сұрады». Балқашта күл-қоқыс шығаратын мекемеге айыппұл салынды
Балқаш қаласында күл-қоқыс шығаратын мекемеге ірі көлемде айыппұл салынды. Коммуналдық мекеменің ескірген бірді-екілі техникасы бұзылып, қоқыс шығару екі-үш аптаға тұралады. Соның салдарынан қала күл-қоқысқа көміліп қалған. Соңғы күндері жанталасып жүріп техника кіргізгенімен, қаланың шет жақтары әлі ыбырсып жатыр.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
13.09.2024
Секербай Қәзенхан:
— Үш апта болды, міне, алмайды. Желмен ұшады, жинап алып келеміз, мал шашып кетеді. Оның бәрін қайтып жинап қоямыз. Тұрады, алмайды. Ақша төлемей қойды ма ... Әйтпесе неге алмайды? Болмайды, кімге барып айтамыз? Әкім де келіп қарамайды.
Қоңырат шағын ауданының тұрғындары әкім мен қоқыс шығаратын көлікті көруге зар болған. Орталықтан алыс орналасқандардың күйі шамалас. Айтуынша, қоқыс шығарылмағалы айға жуықтаған. Коммуналдық мекеме басшылығы қолда бар жеті техника бірінен кейін бірі бұзылды дейді. Ескірген техниканы біртіндеп жаңартпақ болған. Бірақ тозығы жеткен көліктер бір уақытта істен шығады деп ойламаған. Соның салдарынан қала қоқысқа толған. Шенеуніктер техникасы шықпаған 20 күнде мердігерге 2 миллион 700 мың теңге айыппұл салыпты. Компания осы аралықта екі жаңа техника сатып алып тазалыққа кіріскен. Бірақ қаланың шетіне әлі жете алмай жатқан сыңайлы.
Олжас Сармантаев, «Балқаш универсал» ЖШС директоры:
— Біз екі техниканы бөліп төлеу әдісімен алты ай мерзімге алдық. Жасыл даму бағдарламасымен тағы үш қоқыс таситын жаңа көлік алуға өтінім бердік. Келесі жылға дейін парктің 90 пайзын жаңартамыз. Ыңғайсыздық үшін тұрғындардан кешірім сұраймыз. Бұл толығымен біздің кінәміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!