Түркиялық Яна Рай түскен «София» фильмін кинотеатрда көрсетіп жатыр
Қазақ-түрік кинематографының тандемі. Екі елдің бірлесіп түсірген «София» фильмі әдемі өмірге ұмтылған қыздың тозаққа түскені туралы. Көрермендер басты рөлде Түркияның актрисасы Яна Райды көреді. Картинада авторлар зорлық-зомбылық, отбасы құндылығы мен шынайы достық тақырыптарын қаузаған.
Автор: Ақтоты Жұмабек
13.09.2024
Фильм сюжеті бай түрік жігіті Хусейнмен украин қызы Софияның махаббатын баяндайды. Хусейннің жұбайы күйеуінің опасыздығын білгеннен кейін Софияның өмірі күрт өзгереді. Қара теңіз жағасында жазылған бойжеткеннің ауыр тағдыры қазақстандық Азаматпен тоғысады.
Яна Рай, актриса:
— Қызықты рөл. Шынайы өмірде София екеуміздің мінезіміз мүлдем ұқсамайды. Образға кіруге біраз уақыт керек болды. Рөлді абыроймен алып шықтым деп ойлаймын. Картинадан түсінгенім, адам ұлтқа ұқарамастан, жүрген жеріне қарамастан, әрдайым бір-біріне жанашырлықпен қарап, көмекке ұмтылуы тиіс. Туынды авторлары көрерменге осыны жеткізуге тырысты.
Кинотуындыны екі елде бар-жоғы бір айға жуық түсірген. Басты рөлдерді Түркиядан келген жас актриса Яна Рай мен режиссердің өзі — Төлепберген Байсақалов сомдады. Негізгі түсірілім Стамбұлда болса, фильмнің біраз эпизоды қазақ ауылында өрбіген.
Дарья Дунич, режиссер:
— Төлепберген екеуіміз адамның ішкі жан дүниесіне үңіліп, жасына, алатын орнына, әлеумет жағдайына және ұлтына қарамастан, адамды байланыстыратын қарым-қатынасты көрсетуге тырыстық. Адамгершілік — фильмнің өзегі. Әзіліміз түсінікті болды. Оның өзі бір ғанибет деп ойлаймын.
Картина режиссер Төлепберген Байсақалов пен Дарья Дуничтің алғашқы толықметраж туындысы. Қос мемлекеттің туындысы екі тарапқа да үлкен тәжірибе болды, дейді Төлепберген Байсақалов. Жабық көрсетілімге арнайы қонақтардан бөлек, 300-ге жуық адам қатысты.
Төлепберген Байсақалов, режиссер:
— Көруге тұрарлық, тәрбиелік мәні бар, адамның ішкі сезіміне әсер ететін оқиға. Фильмдегі жұмысым маған кәсіби тәжірибе. Қиындық болды, режиссерлік және актерлік жұмысты біріктіру оңай емес. Түркияда үйлесімді жұмыс атқарғанымызды атап өткім келеді.
«София» фильмі бұған дейін Венеция мен Канн кинофестивалінде көрсетілген. Түркияда да көрсетіледі. Ал ертеңнен бастап еліміздің барлық кинотеатрынан көре аласыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!