Балқаш әкімдігі мен мердігерлер: Жылу маусымына дейін жаңа құбырлар іске қосылады
Балқаш тұрғындары қыста жылусыз қаламыз ба деп алаңдаулы. Өйткені биыл шаһардағы жылу мен су құбырлары ауыстырылып жатыр. Бірақ құрылыс тым кеш басталған. Маусым айынының ортасынан бері қала көшелерінің астаң-кестеңі шығып, жаяудың да, аттының да қозғалысын қиындатып жіберді. Жұрттың ала жаздай ыстық сусыз отырғаны тағы бар. Ал мердігерлермен күнде кеңес өткізіп жатқан қала билігі құбыр ауыстыру уақытында аяқталады деп отыр.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
16.09.2024
Сұлулық салонының иесі Инна Салибекова жұмысына тар жол тайғақ кешіп жетеді. Жол жақтан келсе, кәсіпкерлер әупірімдеп орнатқан қыл көпірден өтуі керек, ауланы айналса — қабырға жағалайды. Жалғыз бұл емес, қатарындағы компьютер клубы мен арақ-шарап дүкеніне келетіндер қалт-құлт етіп есі шығады екен. Олар құбырдың жаңаруына қарсы емес, тек осы жобаны жасағандар елді де ойлауы керек еді дейді
Инна Салибекова, кәсіпкер:
— Кішкене ыңғайын табуға болатын еді ғой. Істеп жатқан жұмысына таласымыз жоқ. Салонға, дүкендерге дұрыстап өткел орнатса несі кетеді?! Біздің нысандарға көпір жоқ. Қазып тастады да, бір ай бойы қара көрсетпеді. Бұлар қалай жұмысты уақытында аяқтаймыз деп отырғанын түсінбеймін.
Тұрғындар да Балқашты қазып тастағандардың тірлігіне күмәнмен қарайды. Дүкендер мен дәріханаларға өте алмағаны өз алдына, қыста жылуға жарымай қаламыз ба деп қорқады.
Ғалия Әбдрахманова:
— Біз не істейміз, қазан айы келе жатыр, жылуды қалай береді? Бүкіл қаланы қазып тастаған. Қазанда жылу береміз, сонымен бірге ыстық су береміз, үлгереміз дейді. Үлгерген ештеңесі жоқ, бәрін әлі қазып жатыр. Қалай сонда?! Ешкім жұмыс істеп жатқан жоқ. Бәрі тұр қазылып.
Балқашта биыл 25 шақырым құбырды жаңарту көзделген. Әкелгені бұрынғысынан диаметрі үлкен. Өткізу мүмкіндігі жоғары. Әйтпесе, алды ширек ғасыр ауыспаған құбырдың 80 пайызы тозған. Сондықтан биыл бюджет бөлген 2 миллиард теңгені тез игеріп, сол құбырлардың 30 пайызын жаңартып алсақ депті.
Мақсат Нұрмағамбетов, «Балқаш жылу» ЖШС директоры:
— Ауқымды жөндеу биыл алғаш жасалып жатыр. Көп жерде отыз жылдан асқан құбыр бар. Былтыр, оның алдындағы жылдағы жылу маусымында өзін көрсетіп, апат болған. Бір жерде екі-үш тәуліктен апатты қалпына келтірген кез болған.
Жолдардың жабылуы, жаяу жүргіншілер өткелдерінің салынуы және аялдамалардың тратуарға дейін шығып кетуі амалдың жоқтығынан жасалған шара дейді бліктегілер. Өйткені жыл өткен сайын Балқашқа келетін турист саны артып келеді. Мәселен осы маусымда ғана қалада қонақта 300 мыңнан аса адам болған. «Сондықтан құбырды қолға алмасақ, турист түгілі, тұрғылықты жұрт қиналады» - дейді шенеуніктер.
Қала билігі мен мердігерлер жылу маусымына дейін жаңа құбырлар іске қосылады деп серт берді. Жоспар бойынша Балқашта 10 қазан күні ыстық су мен жылу пәтерлерге жетуге тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!