Астана мен Берлин қандай келіссөздерге қол жеткізді
Қазақ жеріне араға 14 жыл салып Германия канцлері келді. Олаф Шольц пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың талқылаған, келіскен мәселесі көп. Сапа мен өндірістің белгісіндей болған неміс делегациясы Қазақстаннан шикізатты көбірек алуға мүдделі. Қол ел басшысы жаһандық проблемаларға да тоқталды. Әсіресе Украина мен Ресей арасындағы ахуал басты назарда. Келіссөздер ертең де "Орталық Азия + Германия" саммитінде жалғаспақ.
Автор: Айжан Шамшидин
16.09.2024
Ресми сапармен қазақ Астанасына табан тіреген Германия канцлері Олаф Шольцті бүгін Ақорда бар сән-салтанатымен қарсы алды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке шақыртуын қабыл алған неміс басшысының бұл сапардан көздегені бөлек, өзіндік мүддесі бар. Еуроодақтың жетекші елі — Германияның Орта Азиямен сауда-саттығында жалғыз Қазақстанның үлесі 83 пайыз шамасында.
Германия — Орталық Азия мен Каспий өңірін қазіргі күннің аса маңызды аймағы деп санайды. Әсіресе осы тізімде Қазақстанның рөлі жоғары. Мұнай-газбен қатар, өзге де шикізат өндірісінде серіктестіктің жаңа бағыттары ашылмақ. Әсіресе немістердің білім саласындағы жетістіктері көз қуантпай қоймайды.
Германия қазынасына түсетін табыстың 40 пайызы өндіріс пен құрылыс саласына тиесілі. Бас қалада ертең өтетін "Орталық Азия + Германия" екінші саммитінде арнайы ат басын бұрған неміс инвесторлары құрылыс материалдары мен ауыл шаруашылығы техникасы саласына инвестиция құюға ниетті.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
— Қазір Қазақстанда ауыл шаруашылық техникасын өзіміз өндіріп жатырмыз. Мысалы, Петропавлда ірі компания — Claas — әлемдегі ең ірі ауыл шаруашылығын өндіретін компания. Қазіргі өндірісін Петропавл қаласында өткізіп жатыр.
Астанаға келген Германия делегациясының бүгін қарасы қалың. Сәйкесінше, келіссөз көкжиегі кең болады деп жоспарланған. Бүгінгі күн тәртібіндегі басты мәселе — мұнайға қатысты уағдаластықты дамыту. Олаф Шольц бастаған тарап, Транскаспий дәлізіне қосылуға ниетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей-Украина қақтығысы тақырыбын да айналып өтпеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық. Соғыс бұдан әрі өрши берсе, барша адамзатқа, ең алдымен, Ресей-Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге салдары өте ауыр тиеді. Өкінішке қарай, Ыстанбұл келісімін бекітуден бас тартып, татуласуға қол жеткізетін оңтайлы мүмкіндікті уыстан шығарып алды. Дегенмен бейбітшілік орнатуға әлі де мүмкіндік бар. Мемлекет басшылары келеді, кетеді. Ал халық, әсіресе, көршілес халықтар бейбіт әрі бір-бірімен түсінісіп өмір сүруі керек. Қазақстанның Ресеймен дүниежүзі бойынша құрлықтағы ең ұзын шегенделген шекарасы бар. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік пен одақтастық аясында дамып келеді. Қазақстандықтар украин халқы мен оның төл мәдениетіне шынайы құрметпен қарайды. Қазақстан мен Украина арасында ешқандай келіспеушілік болған емес. Киевте Елшілігіміз әлі де жұмыс істеп тұр.
Өткенге көз жүгіртсек, бұл Германия Үкіметі басшысының елімізге 14 жылдан кейін келуі екен. Ұлттық банк дерегіне сәйкес, дербес мемлекет болып, шекарамызды шегендегелі, Германия 7 млрд долларға жуық қаражат құйған. Астана мен Берлин әріптестігіндегі келіссөздер ертеңгі "Орталық Азия + Германия" саммитінде жалғасын табады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!