Жамбыл облысы: Жол апатынан бір отбасынан алты адам мерт болды
Жамбыл облысында жантүршіктіретін жол апаты жеті адамның өмірін жалмады. Оның бірі — екі жасқа толмаған бала. Қайғылы оқиға Батыс Еуропа - Батыс Қытай автожолында болған. Үш көлік соқтығысқан жол апатынан кейін газ баллоны жарылып, қос көлік жанып кетті. Жол талғамайтын көліктің ішіндегі алты адам мен Газель көлігінің жүргізушісі оқиға орнында қаза болды. Апаттан аман қалған жалғыз жүргізуші дәрігерлердің бақылауынан кейін үйіне қайтарылған. Тірі қалған жүргізушімен КТК тілшісі сұқбаттасты.
Автор: Сәбит Әлдебай
17.09.2024
Алапат апаттан аман қалған жүк көлігінің жүргізушісі кешегі күнді қорқнышпен еске алады. Елді мекеннен шыға берістегі айналма жолда керуенмен келе жатқан жүк көліктеріне қарсы беттен Cadillac автокөлігі бетпе-бет соғылған. Өз бағытында қатты жылдамдықпен келе жатқан екінші көлікті де жапырып өтіпті.
Исламжан Райымов, жүк көліктің жүргізушісі:
— Керуенмен келе жатқан кезімізде қарсы бағыттан бір көлік келіп жанай соқтығысты. Ары қарай не болғанын білмей қалдым. Сол сәтте жарылыс болғанда есімді жидым. Оның жалыны көлігіме дейін жетті. Есімді әрең жиып, сыртқа шықтым. Ары қарай құтқарушылар, жедел жәрдем келді. Мені ауруханаға апарып, аяғыма гипс салып берді. Қазір жағдайым жақсы.
Қайғылы оқиға кеше кешкі сағат 18:30 шамасында күре жолдың 526 шақырымында болған. Үш көлік соқтығысқан сәтте екі көлік отқа оранып, жолаушылар ішінде қалып қойған. Жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды
Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облысты ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
— Оқиға орнында 37 жастағы Газель автокөлігінің жүргізушісі, 30 жастағы Cadillac көлігінің жүргізушісі мен оның ішінде отырған бес жолаушы қаза тапты. Оның ішінде екі жасар бала бар. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Жамбыл облысы полиция департаменті жол ережесін қатаң сақтауды ескертеді.
Cadillac көлігінің жолаушылары — Павлодар облысының тұрғындары. Шымкенттен шығып солтүстікке бет алған алты адам оқиға орнында қаза болды. Барлығы бір отбасының мүшелері екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!