Тасқын: Еуропадағы қазақстандық студенттердің жағдайы қалай
Тасқыннан көз ашпай жатқан Еуропадағы қазақстандық студенттердің жағдайы бақылауда. Халықаралық бағдарламалар орталығы отандастарымыздың табиғат апатынан зардап шекпегенін мәлімдеді. Қажет жағдайда ұл-қыздарды елге жеткізуге дайын. Айта кетейік, қазір Еуропаның бірнеше елін қызыл су әбігерге салып жатыр. Толассыз жауған жауыннан үйлерді су басып, 16 адам ажал құшқан. Еуропадағы отандастарымыздың жағдайын КТК тілшісі сұрап көрді.
Автор: Шапағат Мырзабекова
18.09.2024
Тасқыннан көз ашпай жатқан елдердің бірі — Польша. Мұнда қазір 15 отандасымыз білім алып жатыр. Олар өткен аптада өздері оқып жатқан өңірде жаңбыр ұзақ жауғанын айтады. Соның салдарынан нысандардың бірінші қабатын су басқан. Абырой болғанда, біздің студенттер шошып қалса да, тасқыннан зардап шекпепті.
Лейла Кұлтанова, студент:
— Тасқыннан көпірлер бұзылды. Құрбан болғандар да бар. Адамдар дүрбелеңге түсті. Кейбір өңірде төтенше жағдай енгізілген соң қатаң шектеу қойылды. Қазір қашықтан оқуға көштік.
Халықаралық бағдарламалар орталығы қазақстандық студенттермен бірден байланысқа шыққан. Жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр. Қажет болған жағдайда стипендиаттардың елге оралуына көмектесуге дайын. Десе де студенттер қазір су басқан өңірлердегі жағдайдың тұрақталғанын айтып отыр.
Николай Климов, студент:
— Прагада ауа райы қалыпты. Өткен аптада төрт күн қатарынан жауын жауды. Судың жарты метрге дейін көтеріліп, өзен ажайы мен метро су астында қалды. Бірақ бөгет — бүтін. Қазір көшеде арнайы қызмет жұмыс істеп жүр. Қаланың айналасына қоршау орнатылды.
Толассыз жаңбыр енді Италияның біраз аймағын әбігерге салғалы тұр. Ал бұл елде еліміздің жеті азаматы білім алып жатыр.
Ләззат Тұқышева, «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығының баспасөз хатшысы:
— Студенттерге қауіпсіздік сақтау бойынша ұсыныс жібердік. Бірақ олардың сабағы өтетін қалалар тасқын жүрген аймақтан алыс. Жағдай ушығып жатса, елшілікпен, ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, отандастарымыздың тез арада елге қайтуына көмектесуге дайынбыз. Біздің кураторлар студенттермен үнемі байланыста.
Еуропа елдерін тасқын өткен аптада әбігерге сала бастады. Польша, Чехия, Аустрия, Словакия, Германия және Венгрияның біраз қаласы топан су астында қалған болатын. Табиғат апатынан 16 адам қаза тапқан. Ал Польшада төтенше жағдай жарияланды. Біздің студенттер су басқан жердегі жағдай тұрақталды дегенмен, жергілікті ұлттық метеоқызмет тасқынның келесі сейсенбіге дейін жалғасуы мүмкін екенін ескертіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!