Ақтөбеде апатты үйлердің мәселесін он жыл бойы шеше алмай келеді
Ақтөбеде елуден астам отбасы құлағалы тұрған үйдетұрып жатыр. «Апатты» деп танылған қос қабатты бес үйді шенеуніктер әлдеқашан сүріп тастауы керек еді. Бірақ тұрғындарға басқа баспана таба алмай отыр. Инвестор да тартып көрген. Алайда үш жыл бұрын жаңа ғимарат тұрғызып пәтер беруге уәде еткен компанияның ісі әлі өнбей отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
18.09.2024
Ақтөбе шетіндегі Чекалин көшесіндегі қос қабатты бес үйде 56 шаңырақ тұрып жатыр. Он жылдай бұрын осы үйлелді «апатты» деп танып, тұрғындарын жылдам көшіру керек деп шешім шығарылған. Бірақ шешім қағаз күйінде қалып, тұрғындар әлі күнге дейін қауіпті баспанада тұрып жатыр.
Үйдің ішіне кірсең, қорқынышты фильм түсіруге болады. Кіреберістегі сықырлаған баспалдақтан бастап, тесілген төбе, жарылған қабырғадан үрейің ұшады. Құлағалы тұрған үйдегілер үйінді астында қаламыз ба деп, жанын шүберекке түйіп отыр. Бас амандығын ойлаған кейбір отбасылар көшіп те кеткен.
Райса Бақтыбаева:
— Амалымыз жоқ, пәтер жалдап кеттік. Үй қаңырап тұр. Мың торғай қамасаң, бір торғай тұратындай күйі жоқ. Бұны қарап жатқан әкімдік жоқ. Келеді де, уәде береді, нәтиже жоқ. Ешкімнен үміт жоқ. Бүкіл жары бәрі құлап жатыр, ортасы түсіп жатыр, сырты мыпырылып жатыр. Сонда адам үйінді астында қалып өлу керек пе?!
«Апатты» деп танылғанына он жылдан асса да, шенеуніктер тұрғындарды көшіруге асықпай отыр. Қала тұрмақ, облыстың бірнеше әкімі келіп уәде беріпті. Сөзінде тұрған ешбірі жоқ деп қынжылады тұрғындар.
Ерсайын Нұрқатов:
— Біздің мәселемізбен жиырма жылда бес-алты әкім ауысты. Бәрі де уәде береді. «Жақсы, істейміз, қараймыз, үйтеміз-бүйтеміз, сөйтеміз» деп, бір-екі жылдан кейін қызметтен кетеді. Сонымен біздің мәселеміз орындалмай қалады. Діңкеміз құрыды. Жүйкеміз тозды.
Осындағы 56 шаңырақты көшіруге жергілікті әкімдік үш жыл бұрын инвестор тапқан. Ол Қызылжар ауылынан көп қабатты үй салып баспанамен қамтуды мойнына алыпты. Бірақ құрылыстың іргетасын құйғанымен, әрі қарай жұмысы өнбей қойған.
Ақнұр Қазбаева, Ақтөбе тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы:
— Көріп тұрмыз құрылыс басталмаған. Ол компания қаржы тапшылығына байланысты бізден қосымша, қараша айына дейін уақыт сұрап отыр. Егер осы уақытта жұмыс жүргізілмесе, қала әкімдігімен бөлінген 18 гектар жер қайтадан қала қорына алынады. Компания жұмысты аяқтамаса, басқа мердігер компания тартамыз.
Шенеуніктер құлағалы тұрғын үйдің тұрғындарына уақытша қоныстануға жатақхана да ұсындық дейді. Бірақ онда баруға ешкім келіспеген. Ал инвестор құрылысты одан әрі жалғастырмайтын болса, басқа кәсіпкер іздемек. Бірақ оның табыла қоятыны екіталай.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары