Павлодарда колледж студенті мұғалімнің арқасына пышақ салды
Павлодарда 17 жастағы студент тапа-тал түсте мұғалімін пышақтап тастады. Оқиға колледжден тысқары жерде болған. Жасөспірімнің мұндай қатыгез әрекетке баруына екеуара кикілжің себеп болуы мүмкін дейді куәгерлер.
Автор: Ақмаржан Қайсарқызы
19.09.2024
Андрей Донец, колледж студенті:
— Естуімше, бала сүйіктісімен жанжалдасқан. Жастардың ұрыс-керісін көрген мұғалім не болғанын сұрамақ болып жақындаған екен. Бірақ ол мұғалімге ашуланып, арқасына пышақ салыпты. Студентпен таныс емеспін, бірақ мұғалімді жақсы білемін. Мейірімді, ақкөңіл адам.
Ұстазына пышақ сілтеген студентті полицейлер іле-шала қамауға алыпты. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу жүргізіліп жатыр. Ал шәкіртінің қолынан жараланған 30 жастағы мұғалімнің қазіргі жағдайы тұрақты. Дегенмен денсаулығы қалпына келгенге дейін ауруханада емделеді дейді ақ халаттылар.
Ерлан Жағыпаров, Павлодар №1 ауруханасы шұғыл хирургия бөлімшесінің меңгерушісі:
— Пышақ жарақатын алған 30 жастағы науқас ауруханаға кеше сағат 16:30 шамасында жеткізілді. Оң жақ белінде жара болды. Пышақ денесіне терең кіргенімен, маңызды мүшелері зақымдалмаған. Қазір ауруханада жатыр, дәрігерлердің жіті бақылауында.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!