Жол сапасы: Миллиардтар бөлінсе де, олқылықтар бастан асады
Миллиардтар бөлінсе де, олқылықтар бастан асады. Жетісу облысындағы Алакөлге апаратын Үшарал-Достық тас жолынан 677 сынама алынып, 160-ы талапқа сай болмай шыққан. Төрт жылда әзер аяқталған бұл жолдың құрылысына 60 миллиардтан астам теңге жұмсалған. Ал 160 миллиард теңге бөлініп, бірақ әлі салынып бітпеген Талдықорған мен Өскемен арасындағы күре жолдың сынамасы біршама жақсы дейді мамандар.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
23.09.2024
Алматыдан «Достық», яғни Қытай шекарасына апарар ескі жол. Мұндағы желдің күштілігі көзге ұрып тұр. Кезінде тауар толы жүк көліктер бір жағына қисайып құлап қалатын. Ал қыста қар астында қалып мерт болғандар да көп болған.
Қара жолдың қара халыққа қажеттін айтпаса да болады. Ары-бері қатынайтын жолаушылардың қауіпсіздігінен бастап, күнделікті тұтынатын тауар құнына дейін әсер ете алады. Екі ел арасындғы жүк толы ауыр көліктерге және жұрттың Алакөлге емін-еркін жетуі үшін 60 миллиардтан астам теңгеге Үшарал-Достық тас жолы салынған.
Нұрхат Ақылтаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК Жетісу облысы филиалының директоры:
— 380 миллион теңге, бір шақырымына орташа есеппен. Ол көпір Үшарал - Достық автожолының қайта құруда салынған көпір. Бұрынғы ескі көпірден бір шақырым солға қарай алып, жел бағытын есептей отырып салынған «роза ветров» деп аталып кеткен көпір.
Жол сапасын тексеретін мамандар бұл трассадан сынама алып 160-ының талапқа сай еместігін анықтапты. Дегенмен мердігерлер кемшіліктерін мойындап, дер кезінде олқылықты реттеген. Дәл осындай зерттеу бір шақырымы 500 миллион теңгеге салынып жатқан Талдықорған мен Өскемен арасындағы күре жолда да жүргізілген.
Болатбек Айтбаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры:
— Алынған сынамалар міндетті түрде ешкім білмейтіндей қылып, штрих-код пайда болады. Ол арқылы тек зерттеуден өтіп болғаннан кейін анықталады. Қай жерден, қай мердігерден алынғаны, сондай тәртіпте. Екіншіден, зертханаларымызда цифрландыру жүріп жатыр.
Бұл жаңашылдық жол саласындағы «бармақ басты,көз қысты» әрекетті алдын алу үшін дейді. Нәтижесін берді ме, әйтеуір алынған сынамалардың 10 пайызы талапқа сай келмепті.
Салынып жатқан жолдың өзінен ақаулар анықталып жатса, тас-талқаны шыққан еліміздегі трассаларды қайтеміз? Шенеуніктер ойық-шұңқырды реттеуге биыл 500 миллиард теңге бөлінген дейді. Бірақ мұның өзін азсынып, халықаралық институттардан көмек сұрапты.
Нұртілек Хасенов, ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:
— Жоспарға сәйкес жол жөнделуіне байланысты қаржы өзгертіліп отырады. Республикалық бюджетте қаржы тапшылығы бар. Сол себептен де халықаралық қаржы институттарынан қаржы тартып, осы жобаларды жүзеге асырып жатырмыз.
Елімізде 95 мың шақырым жол бар. Оның 12 мыңы ойылып-опырылған, яғни жөндеуге мұқтаж. Жолшылар Қазақстандағы трассаны 100 пайыз тақтайдай қылуға қаражаттан бөлек, мамандар да жеткіліксіз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!