{metadescription}
Тасқын: Баспанамен қамту екі облыста кешеуілдеп жатыр
Тасқын: Баспанамен қамту екі облыста кешеуілдеп жатыр

Тасқын: Баспанамен қамту екі облыста кешеуілдеп жатыр

Тасқыннан зардап шеккен халықты баспанамен қамту жұмыстары екі облыста кешеуілдеп жатыр. Үкімет басшысына есеп берген Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері 1 қазанға дейін құрылысты толық аяқтаймыз деп уәде берді.

Жалпы бүгінге дейін бір типтік 2576 үй тұрғызылып, көпқабатты үйлерден 5767 пәтер сатып алынған. Атқамінерлер, жаман айтпай жақсы жоқ, апат қайталанған жағдайда баспана қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауыл тұрғындары үйін сақтандыруы керек деп отыр. Үкімет отырысында тағы не айтылғанын КТК тілшісі сабақтасын.

Көктемгі алапат су тасқыны 120 мың адамның бейқам тіршілігіне әсер етті. Жұрт белуардан су кешіп, тұруға жарамсыз баспанасын тастай салып үдере көшкен. Мемлекет басшысы аз уақытта үйсіз-күйсіз қалған бұқараны қыс түспей жаңа шаңырақпен қамтуды-тапсырған-ды. Бүгін Үкіметте жауапты ведомство басшылары есеп берді.

Үйсіз қалғандарды басыбайлы баспанамен қамтуды тапсырған президент тапсырмасын Атырау, Ақтөбе, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстары орындаған. Құтқару пункттерінің алдын жағалаған жұрттың алды су жаңа үйінің кілтін алып, қоныс тойын бастап кеткен.

Ақмола мен Батыс Қазақстан облыстары кестеден кешігуде. Бірақ бір аптаның ішінде толық бітіреміз деді. Үкімет көктемгі тасқыннан келген жалпы шығынды да шамамен есептеп шығыпты. 

Қанат Бозымбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

Әлі бір жарым ай керек. Бөгеттер салынып жатыр, қалпына келтіріліп жатыр, жолдар бар, құбырлар бар, платиналар бар. Соның бәрін қалпына келтірсе, нақтыланады. Ол үздіксіз процесс. Қазір нақты бағалау қиын. Бірақ 300 млрд-тан астам қаржы жұмсалады.

Тәуелсіз бағалау комиссиясы зерттеу жүргізіп, 8447 үйді апатты деп таныпты. Дегенмен сарапшылар, мүлік иелеріне сақтандыру полисі деген ұғымның иісі мұрнына бармайтынын айтады. Сондықтан болар, құлауға шақ қалған жер кепелерден бөлек, зәулім үш қабатты сарайлар да сақтандырылмаған.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Сіздер үйді ипотекаға алған кезде міндетті түрде сақтандырасыздар. Ал жекеменшік жер үйге келгенде, отандастарымыз селқос. Апатта өзім аралап қарадым, құлауға шақ қалған ескі үйлерден бөлек, екі-үш қабатты зәулім үйлер де кепілдірілмеген. Мұндай мүлік иелері оқыстан, ойламаған жерден апат болуы мүмкін екенін ескермейді?!

Көтерілген шаңырақтың қабырғасы берік болатынына құрылыс басындағы мердігер жауапты. Қандай да бір кілтипан табылса, екі жыл ішінде қалпына келтіруге міндетті. Ал су шайып кеткен аймақтарға құрылыс краны жолатылмайды.

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Тасқын болған өңірлерде зардап шеккен үйлер ол жерге екінші рет салынбайды. Ол жердің учаскесі өмір бойы мемлекет меншігінде болмақ. Табиғи қорғау аймаққа кіреді. Жыл сайын мұндай жағдай қайталанатын болса, онда қоймада тұрған үйлер азаяды деген сөз.

Бұған дейін тасқын кезіндегі суды кәдеге жаратудың небір жолы ұсынылған. Бүгін деҮкіметте жаңа 20 су қоймасының құрылысы басталатыны айтылды. Дегенмен апаттың беті қайтқан соң, ол да қағаз жүзінде қалған сыңайлы. Су және ирригация мен төтенше жағдайлар министрліктерінде тіршілік нәрін жинайтын мұндай нысан құрылысының әзірге жоспары ғана бар.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде