Әскерилер Алматы жылу электр орталығында тактикалық оқу-жаттығу өткізді
Алматының Жылу электр орталығы содырлардың басып кіруі емес, қазандықтардың қыста істен шығуынан ғана қорықса болады. Өйткені әскерилер энергетикалық нысанда кезекті тактикалық оқу-жаттығу өткізді. Сценарий бойынша, мұнда басып кірген қарулы топты 80-ге жуық жауынгер қолға түсіріп, барлық қызметкерді құтқарып қалды. Осы оқу-жаттығудың мақсаты қандай?
Автор: Ақтоты Жұмабек
26.09.2024
Жылу электр орталығы қаланың едәуір бөлігін жылу және ыстық сумен қамтиды. Ал егер бұл лаңкестердің қолына кететін болса, қалада дүрбелең туындайды. Сондай жағдайда біздің әскер қалай әрекет етеді? Қазір соның куәсі боламыз
Нысанға заңсыз қаруланған содырлар басып кіріп, адамдарды кепілге алады. Ал арнайы жасақ әлгі жерге дереу жетуге тиіс. Алдын ала жоспар бойынша, әскерилер содырларды құрықтап, оларды бірден жоюуы міндетті екен.
Демірхан Ыдырысов, Алматы аумағы қорғаныс бригадасы командирінің орынбасары:
— Арнайы оқу тактикалық жаттығу өткіздік. Мақсаты — әскери міндеттілердің тәжірибесін пысықтау, жауынгерлікке дайындау. 80 жауынгер, яғни бір жасақталған рота қатысты. Бұлар әр кезеңде қызмет атқарғандар.
Арнайы тактикалық оқуларға 20-50 жас аралығындағы жауынгерлер қатысты. Шынға келтіріліп ұйымдастырылған тактика жұмысының негізгі мақсаты — төтенше жағдайда арнайы жасақтың дайын болуы. Бүгін әскерилер мұны дәлелдеді — аз уақытта «содырларды» қолға түсіріп қана қоймай, зардап шеккендерге де алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Азат Мадырайым, қатардағы жауынгер:
— Алматы қаласы бойынша, Алмалы ауданы бойынша әскери комендатураға шақырды. Алматы аумағындағы стратегиялық нысандарды қорғауға шақырды. Әскери бөлімше қаруларды шашып-жинап, ату, оқу-жаттығудан сабақтан өткізді.
Түнге дейін созылатын жаттығулар әскерилердің шеберлігін арттыруға жетерлік. Мұндай тактикалық оқу-жаттығу жылына екі рет өткізіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!