Алматы: Әуежай маңын такси жүргізушілері ластап жатыр
Ауланы дәретханаға айналдырған. Алматыда әуежайдың маңындағы тұрғындар такси жүргізушілеріне наразы. Себебі, олар соңғы бір жарым жылдан бері клиенттерді тұрғын үйлердің төңірегіне күтетін болыпты. Көлік қаптағасын, күнде кептеліс. Ол аздай, ішкен-жегенін де айналаға шашып кетеді екен.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
27.09.2024
Бұл тұрақ былтырдан бері бір босаған емес. Такси жүргізушілерінің қаптап жиналатын жері. Бәрі сол әуежайдан түскен жолаушылардың тапсырысын күндіз-түні күтеді. Ішеді-жейді, қалдығын тастайды. Ең сорақысы, үлкен дәретін көпірдің астына сындырады екен.
Балжан Сұлтан:
— Осы жерді жиналатын жер етп алды қосымшада. Біз өткенде көрдік, жүктеп, жиналатын нүктесі осы жер екен. Қаншама адам жиналса, соншама қоқыс. Оны жинап жатқан әкімдік жоқ. Қоқыс біздің ауданның бүкіл жерінде. Баламен келе жатсаң, қуыстан біреу дәрет сындырып отырады.
Такси тұрағының азабын әуежайдың төңірегіндегі үш көшенің тұрғындары тартып отыр. Жолаушыларды күту үшін немесе темір тұлпарында түнеу үшін жүргізушілер үйлердің арасына дейін кіріп кетеді екен. Көліктің көптігінен күнде кептеліс.
«Шыдай-шыдай, шаршадық» деген жұрт шағымды шенеуніктерден бастап, тәртіп сақшыларына дейін түсірген. Бірақ еш нәтиже жоқ деп қапалы.
Данияр Сұлтан:
— Әкімдікке де, полицияға да шағым түсірдік. «Біздің күшіміз жоқ, «Яндекс» — шетел компаниясы, оларға ештеңе айта алмаймыз, бұйрық жоқ» дейді.
Әкімдіктегілер саябақ пен соған тиесілі автотұрақ мемлекет меншігінде болғанымен, жүргізушілердің қайда жиналып, не істейтініне шатағымыз жоқ дегенге саяды. Қолынан келетіні тек дәретхана соғу.
Алматы экология және қоршаған орта басқармасы:
— Түрксіб ауданындағы «Аспан паркі» нысаны бойынша жергілікті полиция қызметі және аудандық әкімдік қызметкерлерімен бірлескен сапар жасалды. Көшпелі кеңестің қорытындысы бойынша тұрғындарға ыңғайлы болу үшін биотуалет орнату туралы шешім қабылданды.Бүгінде экология және қоршаған орта басқармасының ұйымы мемлекеттік сатып алу бойынша рәсім жүргізіп жатыр.
Ал полицейлер осы айдың басынан бері 60-қа жуық жүргізушіні әкімшілік жазаға тартқан. Тыныштықты бұзып, қоғамдық орынды ластағаны үшін бәрі айыппұл арқалапты. Бірақ соның өзінде де тыйылар түрі жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!