Мерейтой: «Абай» операсымен ашылған маусымда театр ардагерлеріне құрмет көрсетілді
Биыл Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрына 90 жыл толып отыр. Ал Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидың «Абай» опера спектаклінің жарық көргеніне 80 жыл болды. Ұлттық музыка өнерінің інжу маржаны саналатын қойылым алғаш рет 1944 жылы қойылған. Бекзат өнер шаңырағы жаңа маусымды дәстүрге сай «Абай» операсымен ашты. Айтулы мерекеге арналған салтанатты шарада театр ардагерлеріне құрмет көрсетіп, алдыңғы буынның батасымен бастады.
Автор: Ақтоты Жұмабек
30.09.2024
Жылдар бойы өмірін қара шаңыраққа, киелі сахнаға, театрға қызмет етуге арнаған ардагерлерге арнайы қызыл кілем төсеп, қошеметпен қарсы алды. Арнайы төсбелгі мен сыйлық табысталды. Қатарында сахна саңылақтары ғана емес, касса қызметкерлері, визажистер, жүргізушілер де бар.
Балет артисі Раушан Байсейітова театр мұражайына анасының портреті мен кезінде Күләш Байсейітова өз спектакльдерінде киген бірнеше бас киімдерін өнер ордасының мұражайына сыйға тартты. Маусымашарда қонақтарға музыкалық тарту жасалып, мерекелік кеш Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсымен аяқталды. Ал жаңа маусымда көрермен «Хан сұлтан – Алтын орда» операсы мен заманауи «Күлшеқыз» классикалық балетін тамашалай алады.
Айнұр Көпбасарова, Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры:
— Биыл біздің театр үшін тарихи жыл деп айтсақ болады. Бұл өнер — бекзат өнер. Бұл өнерге кішкентайынан бастап келеді, ерте зейнетке шығып кетеді. Сондықтан да біз бүгін нағыз еңбек адамдарын театрға шақырып, ол кісілерді марапаттап жатырмыз, сол кісілердің батасын алып жатырмыз. Өйткені бүгінгі күн жүз жылдықтың алдындағы жаңа белес. Бүгінгі күн 90 жылдық еңбектің қорытындысы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!