Миллион теңге берешегі бар жүргізуші өзін көлігімен қоса өртеп жібермек болды
Айыппұл төлемеудің амалы ма? Миллион теңгеден аса берешегі бар жүргізуші өзін көлігімен қоса өртеп жібермек болды. 33 жастағы жігітті алматылық полицейлер құтқарып қалған.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
02.10.2024
Жол сақшылары Subaru-дың иесін тоқтатқанда, жүргізушінің 1 миллион 300 мың теңге айыппұлын төлемей жүргені анықталады. Сондай-ақ міндетті сақтандыру полисі де болмапты. Заң талаптарына сәйкес, автокөлік айып тұрағына жеткізілген. Көп ұзамай жүргізушінің өзі де сонда келіп, көлігінің ішіне отырады. Кейін өзінің үстіне және машинаға бензин құйып от тұтатқан.
Абырой болғанда жақын маңдағы полицейлер дереу әрекет етіп, өртті сөндіруге кірісті. Ал жүргізуші қазір ауруханада жатыр, аяқ-қолы күйіп қалған. Бірақ бұл әрекеті оны қомақты айыппұлдан босатпайды дейді полицейлер.
Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:
— Азамат аман қалды. Бірақ күйікке шалдыққан дене жарақаты бар. Түрксіб ауданы полиция басқармасының қызметкерлері істің мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу басталды. Заң алдында барлығы бірдей жауапты. Айыппұлды дер кезінде төлеуі керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары