{metadescription}
Алматы: Тастыбұлақ төрт жыл бойы асфальт жолға жарымай отыр
Алматы: Тастыбұлақ төрт жыл бойы асфальт жолға жарымай отыр

Алматы: Тастыбұлақ төрт жыл бойы асфальт жолға жарымай отыр

Тастыбұлаққа тас жол қашан төселеді? Алматы қаласына он жыл бұрын кірген елді мекен тұрғындары асфальт жолға төрт жылдан бері жарымай отыр. Айтуынша, үйден аялдамаға жетудің өзі бір қиямет. Қыста қалың қардан, ал көктем-күзде шұрық-тесік жолдағы иленген саз балшықтан аяқ алып жүре алмайсың дейді жұрт. Әкімдіктегілер бұл мәселеге «еш қатысымыз жоқ» деп, басын ала қашты.

Тастыбұлақ тұрғындарының жол машақатын тартқанына төрт жылдан асқан. Қазір үйіне такси түгілі, жедел жәрдем де келмейтін болған. Әсіресе жаңбырлы күндері жер лай, батпақ болып, көліктер  батып жатыр. Алғашында құзырлы органдар тұрғындарға су тартамыз деп, көшедегі тас жолдың астан-кестеңін шығарған. Содан бері не су, не жол жоқ.

Зарқынбек  Мұхаметрахимов:

Қар, жаңбыр жауғанда мына жер өзен болып ағады. Мынаның бәрі судың алып кеткен жолы, бағытын тауып алады да, содан алып кетеді. Ал енді жедел жәрдем көлігі жүре алмайды. Балалар сабаққа әрең барады. Еш жағдай жоқ. Көбі такси шақырады, олар да бір көрген соң, жоламайды.

Тұрғындардың алды мұнда 20 жылдан бері тұрып келеді. Жол азабын әсіресе оқушылар тартып жатыр дейді ашынған жұрт. Балаларға аяқ-киім шақ келмейді екен. Ал ең жақын аяладама екі шақырым жерде. Дүйім жұрт көкейіндегі мәселені айтып, төрт жылдан бері әкімдіктің есігін тоздырған. Алайда түйткіл шешілмек түгілі, аталған көше жөндеу жоспарына да енгізілмелмеген көрінеді.

Нұрсұлу Пірімбетова:

Көрген күніміз осы. Жол жаман. Жаяу түсу деген бір ақырет.Такси шақырсақ, ол келгісі келмейді. Мына жолымыздан қорқады. Көмекшілеріміз бар, халық сайлаған. Әкімдікке барады. Міне, қанша уақыт болды, жыларман болдық. Бір әкімге кіргізбейді. Әкімді көрген емеспіз дейді.

Жергілікті шенеуніктер мұнда кәріз жүйесі әлі аяқталмағанын сылтауратып отыр. Асфальт жолды олар тек орталық кәріз жүйесін тартқаннан кейін ғана салмақшы. Ал ол жұмыстар қанша уақытқа созылатыны әлі белгісіз.  

Жандос Тәкібаев, Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің инженерлік-жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы:

Бұл жобаны біз жасаған жоқпыз. Бұл жобаларды Энергетика басқармасы әзірлеп, жүзеге асыру үшін «Алматы су» мемлекеттік кәсіпорнына тапсырды. Байланыс жүргізілгеннен кейін біз тұрғындармен бірнеше рет кездесу өткіздік. Биыл жобаны аламыз. Құрылысты көктемде бастаймыз деп жоспарладық. Ал күзде абаттандыру және асфальт бетін қалпына келтіруді бастаймыз.

Ал жергілікті энергетика басқармасының мамандары бұған дейін көшелерде арнайы құбырларды жүргізу керек болғанын айтады. Төрт жылға созылған дауға олар жауапты «Алматы су» компаниясын кінәлап отыр.

Әлібек Мәсімбаев, Алматы энергетика және сумен жабдықтау басқармасының бас маманы:

Бұл жерде «Алматы су» төрт жыл бұрын магистраль желісін салу керек болған. Осы жылдың соңына дейін оң шешімі шығады. Сол кезде орталықтандыру, заң бойынша,  аудан әкімдігіне беріледі.

Жүйкесі тозған тұрғындар шенеуніктердің бұл сөзіне сенбей отыр. «Келесі жылы» деп тойдырып келгеніне төрт жылдың жүзі болған. Сондықтан жергілікті билік «сәл де болсын, бізге де бет бұрып, түйткілге назар аударсын» дейді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде