Мопед мінгендер енді мемнөмір тағып, жүргізуші куәлігін алуға міндетті
Мопед тізгіндегендер енді мемлекеттік нөмір тағып, жүргізуші куәлігін алуға міндетті. Президент аталмыш көлік құралының жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Енді жарты жылдың ішінде мопедшілер жүргізуші куәлігін алып, тақымындағы қос дөңгелекті тұлпарларын тіркеп үлгеруге тиіс. Осыдан көшеде құжатсыз ойқастап жүрген жас мопедшілер азаяды деп, көлік жүргізушілері де, жаяу адамдар да заңның күшіне енуін асыға күтіп отыр.
Автор: Шапағат Мырзабекова
04.10.2024
Қалада соңғы уақытта қос дөңгелекті көлік түрінің қаптағаны рас. Әсіресе мопедпен тамақ пен жұрттың тапсырысын жеткізіп нәпақасын тауып жүрген жастар көп. Бірақ бәрі жол ережесіне бағынбай, көліктер мен жаяу жүргіншілердің өміріне қауіп төндіріп жатады.
Мопедтің кесірінен зардап шеккендердің бірі — Кәмила Рахмет. Әсіресе жол ережесін пысқырмай, тротуар бойында да жүретіндерден зәрезап болған. Сондай жүгенсіз жүргізушілердің бірі әйелді қағып өтіп, артына бұрылып та қарамаған.
Кәмила Рахмет:
— Иә, жолда осылай келе жатқанда қағып өтті. Рөлі тиді. Курьер емес секілді. Байдың балалары, еркетотай. Өйткені мопеді қымбат, оттың суреті бар, каскасы да қымбат. Тоқтамай өтіп кетті. Қарамай, қағып кетті. Ал менің қолым бір апта бойы көгеріп жүрді.
Тапсырысты жедел жеткізіп жүрген курьерлер де заңды құптап отыр. Десе де олар талаптар орындалған жағдайда, тапсырыс жеткізу қызметінің бағасы да біршама өсуі мүмкін дейді.
Қанат Ізбасқанов, курьер:
— Әрине, өйткені тыйым салса, азаямыз. Сұраныс көбейеді. Сондықтан адам тарту үшін барынша бағаны көтереді деп ойлаймын. Орташа тапсырыс бағасы мың-мың жарым теңге. Енді курьерлер азайса, екі-екі жарым мыңға көбейтуі мүмкін, адам шақыру үшін.
Жүргізушілер тек қос дөңгелекті көліктерін тіркеп қана қоймай, жыл сайын техбайқаудан өтіп, сақтандыру полисін де рәсімдеуі шарт. Ал ол орындалмаған жағдайда көліктер айып тұрағына қойылуы мүмкін. Мопедті басқару құқығы А1 санатты жүргізуші куәлігімен расталмақ. Автосарапшылардың айтуынша, мұның бәрі жол апатын азайтады.
Алексей Алексеев, автосарапшы:
— Біз бұл заңды кешіктірдік. Соңғы үш жылдың ішінде қайтыс болған мопедшілер саны аз емес. Мұның барлығы не үшін орын алып жатыр? Біріншіден, қос дөңгелекті көлікті кәмелетке толмағандар тізгіндейді. Олар ешқандай жауапркершілік сезінбейді. Екіншіден, қазір қандай да бір мопедті растау мүмкін емес. Өйткені олардың нөмірі жоқ, ал жүргізушінің куәлігі жоқ. Оған қоса дулыға киіп жүреді, түрін де көре алмайсың.
Жыл басынан бері қалада мопедтен 743 жол апаты тіркелген. 14 адам көз жұмып, 500-ден астамы зардап шеккен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!