Астанада Sax Invest қаржы пирамидасын ұйымдастырушы ұсталды
Астанада Sax Invest қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы ұсталды. Тұрғындарды бірнеше жыл бойы алдаумен айналысты деген компания әуел бастан инвестиция қоры ретінде ашылған.
Автор: Айжан Шамшидин
11.10.2024
Пирамида жүйесімен құрылған кәсіпке бас-аяғы 9 миллиард теңге тартылыпты. Алаяқтар уәде етілген дивидендті компанияға жаңа тартылған салымшылардың қаражатынан төлеп отырған. Құжат жағынан мін таппайтындай іс-қағазын реттеп қойған пирамида басшылары азаматтарға "брокерлік қызмет көрсетеміз, бағалы қағаздар нарығындағы сауданы қыздырамыз" деп, уәдені үйіп-төккен.
Африкадағы Ангола Респубикасында алмаз өндіру жобасына қаржы салуда қызмет жүргіземіз деп те сендірген. Sax Invest-тің алыс-беріс қаражаты тек салымшылар ақша салған жағдайда ғана өсіп отырған. Кейін шоттағы қаражатты компания басқа тұлғаға аудару арықылы қолма-қол ақшаға айналдыруға болады деп алдаған.
Әлібек Әбділов, ҚР ҚМА ресми өкілі:
— 2018 жылғы қаңтардан бастап 2022 жылға дейін компанияның айналымы 18 млн долларға, шамамен 9 млрд теңгеге жетіп, салымшылар саны үш мың адамнан асқан. Бүгінде Sax Invest қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларының бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!