{metadescription}
Шымкент: Мектептегілерді газбен улаған оқушылардың ата-анасы жауапқа тартылды
Шымкент: Мектептегілерді газбен улаған оқушылардың ата-анасы жауапқа тартылды

Шымкент: Мектептегілерді газбен улаған оқушылардың ата-анасы жауапқа тартылды

Шымкенттегі жекеменшік мектепте көз ашытатын газ шашып, оқушылар мен ұстаздарды улаған жасөспірімдердің ата-анасы жауапқа тартылды. Оларға айыппұл салынды. Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері елімізде осындай 23 жағдай тіркеліпті. Оның бесеуі мектепте болған. Кәмелетке толмағандар қауіпті баллонды емін-еркін сатып ала бере ме? Оны мектепке қалай кіргізіп жүр?

Өзін-өзі қорғауға арналған құралды қызық көріп пайдаланатындар қаптаған. Оқушылар ойнаймын деп, қатарластарын,тура мағынасында, жылатып жатыр. Бір ғана қазан айында еліміздің мектептерінде осындай екі жағдай тіркелген.  Соның біреуі Шымкентте болды. 10-сынып оқушылары бірнеше кабинетке газ шашып, сонда қамалып қалған оқушылар мен ұстаздар есінен танған. Көзі жасаурап, демала алмай қалған он оқушы ауруханадан бір-ақ шықты.

Мұрат Әлмұхамбетов, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ доценті:

Басты салдары  көзге зақым. Көз жанарынан айырылып қалмау үшін алғашқы медициналық көмекті бірден көрсету керек. Тағы бір ауыр зардабы – жоғарғы тыныс алу жолдары зақымданып, жөтел, мұрнынан су ағады,басы ауырып, жүрегі айнып, құсуы да мүмкін.

Мұндай қауіпті құрылғының оқушылардың қолына түспеуін ата-аналар қадағалауы тиіс дейді мектептегілер. Өйткені білім алуға келген әрбір баланы күнделікті тексеруге оқу ошағының құқығы жоқ. Яғни сөмкесіне не салып, оқу ошағына не кіргізгенін біле алмайды. Дегенмен оқыс оқиғаның алдын алу үшін ай сайын рейд ұйымдастырылады.

Айнұр Нұрымқызы, №200 мектеп-гимназия директоры:

Тәрбие сағатында оқушылардың артық зат әкелмеуінің  алдын алу мақсатында сөмкелерін текеріп, бір рейд жүргіземіз. Міндетті түрде психолог, тәрбие ісінің орынбасары және мектеп инспекторы, сынып жетекшісі қатысады. Біз ешкімнің қалтасына қол сұқпаймыз. Балалар өзі қалтасын, сөмкесін ашып көрсетеді.

Қару-жарақ қауымдастығы бұрыш толтырылған баллонның оңай, кез келген адамға сатыла бермейтінін айтады. Жеке куәлікті көріп барып бір-ақ береміз дейді. Дегенмен пысықайлар қауіпті құрылғыны қара нарықтан тауып алады екен. Ондайда клиенттің жасын ешкім сұрамайды.

Сергей Катнов, ҚР қару-жарақ қауымдастығының директоры:

Бұрыш баллоны болсын, газ баллоны болсын, бәрібір қару болып саналады. Сатып алушының белгілі бір жасқа жеткені маңызды. Сондықтан біз жеке басын куәландыратын құжатты көріп барып сатамыз. Бұрыш баллоннын қолданудың тәртібін үйренгеннен кейін ғана сатыла береді. Ал тапанша түріндегі газ баллон полицейлердің рұқсатымен ғана беріледі. 

Негізі бұл құрылғылар түрлі бұзақылардан қорғануға арналған. Шабуыл жасаған адамның көзі жасаурап, көре алмай қалғанда қашып үлгереді. Алайда, балаға өз-өзін қорғауды үйрететін жаттықтырушылар бұл тәсілге сеніңкіремейді. Өйткені бұзақыға тап болғанда әп-сәтте құралыңды таппай, абдырап қалуың мүмкін.

Ольга Костенко, Балалар қауіпсіздігі бойынша жаттықтырушы:

Ондай дүниелерге сенбеймін. Мәселен, қалтамда пышақ бар делік. Бірақ бұзақы қолымнан ұстап алса, пышағымды ала алмай қаламын немесе бұрыш баллоны жатқан сөмкемді қолымнан жұлып алуы мүмкін. Сенген құралымсыз қалып, не істерімді білмей, тұрып қаламын ғой. Жалпы өзіңе ғана сенуің керек. Адамға зиянын тигізбейтін неше түрлі ұратын нүкте бар. Негізі өз-өзін қорғаудың ең маңызды тәсілі айқайлап, жүгіру.

Ішкі істер министрлігі жүргізген талдауға сай, көбіне механикалық тозаңдатқыштар мен аэрозольді ересектердің өздері балаларға береді екен. Ал олар қызық көремін деп, оқу орындарына шашып ойнайды. Кәмелетке толмаған баланың ата-анасы жауапқа тартылады. Айыппұл мөлшері 26 мың теңге шамасында. Түптеп келгенде, баланың білімге құмартпай, бұзақылыққа баруы отбасындағы тәрбиенің жоқтығынан дейді сарапшылар.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде