{metadescription}
«Шерзаттың өлімі». Құзырлы органдар көкейтесті сұрақтарға ашық жауап берді
«Шерзаттың өлімі». Құзырлы органдар көкейтесті сұрақтарға ашық жауап берді

«Шерзаттың өлімі». Құзырлы органдар көкейтесті сұрақтарға ашық жауап берді

16 жастағы жігіттің өлімімен аяқталған Талғардағы төбелеске қатысты тағы үш күдікті ұсталды. Осылайша қазір аталмыш қылмыспен қамауға алынғандар 10 адам болды. Бүгін құзырлы органдар сол күнгі дүкендегі бейнежазбаны тілшілерге көрсетіп, ақысы төленбеген сырадан жанжал шықты дегенді теріске шығарып отыр. Сатып алушы мен марқұм Шерзаттың арасында кикілжің неден туындағанын сотта естуіміз мүмкін. Өйткені прокурор соттың ашық өтуін талап ететінін айтты. Ал оқиға орнында қыздар не істеп жүрген және»Хуторлық Хасан» дегеннің іске қандай қатысы бар? Жұрт көкейінде жүрген сан-сауалға полиция арнайы брифингте жауап берді.

Қоғамда алып-қашпа әңгіме көбейген соң, Шерзаттың өліміне қатысты көкейтесті сұрақтарға бүгін құзырлы органдар ашық жауап берді. Алдымен, қайғылы оқиға болған күнгі дүкендегі бақылау камерасына жазылған видеоны көрсетті және таспаны тоқтатып қойып, әр адамның іс-әрекетін түсіндіріп берді.

 – Басында «түскен жоқ» дейді, содан кейін екінші рет көрсеткеннен кейін ақшасы түсіп отыр. Осы жерде, міне, көрсетіп жатыр, «түскен жоқ» деп, басына назар аударсаңыз, келісім беріп жатыр, «иә, түсті» деп жатыр.

Ішкі істер министрлігінің өкілі «жанжал бір құты сырадан шыққан» дегенді жоққа шығарып отыр. Яғни күдіктілер тауардың ақшасын төлеген әрі дүкен иесімен кикілжіңсіз қоштасыпты. Келіспеушілік Шерзат пен сатып алушының арасында далада басталған көрінеді. Бірақ оған нақты не себеп болғаны белгісіз. Кейін жанжалға марқұмның әкесі де кіріскен екен.

– Міне, сол қолында қару, пышаққа ұқсас зат бар. Оған сараптама тағайындаймыз. Марқұм Шерзат осы жерде әкесін тоқтатып жатыр. Міне, күдікті далаға шығып, артына шығып жатыр. Екі қыздың жүрісі, міне. Жаңа көргендей, бір жігітті ұстап жатыр, керісінше, төбелеске жібермей. 

Яғни оқиға орнында болған қыз «балалар, керісінше, жігіттерді ажыратпақ болған» дейді. Қазір қайғылы оқиғаға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Күдікті саны да артыпты.

Бауыржан Әленов, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:

Жеті күдікті қамауға алынды. Одан кейін тағы үшеуін қамауға алдық. Тергеу жүргізіліп жатыр.

Олардың қатарында бұрын бұзақылық үшін істі болғаны да бар. Ал аталмыш істе жиі аталған Хасан есімді азаматтың «бұл қылмысқа еш қатысы жоқ» деп отыр. «Күдіктілердің ешқайсысы қылмыстық топ мүшесі емес» дейді. Вице-министрдің айтуынша, олардың екеуі шаштаразда, біреуі Шымбұлақта қара жұмысшы, тағы екеуі ипподромда атбегі екен. Ал қара жамылған отбасының үйіндегі өртке қатысты күдіктілер әлі іздестіріліп жатыр. Бір анығы, өрт қасақана қойылған.

Берік Адамов, Алматы облысының прокуроры:

Мамандар өрт үйдің сыртынан басталғанын, оқыс жағдай болмағанын және сыртта от көзінің қолданылғанын алғашқы қорытынды ретінде шығарды. Оқиға орнынан табылған канистра мен резеңке қолғаптар зерттеліп жатыр.

Айта кетейік, бейнебақылау камерасындағы жазбаның үзінділері кеше әлеуметтік желілерде тарай бастаған. Бұған жол бергендерді де анықтап, жазаға тарту үшін қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар ұсталғандардың ішінде пробация бақылауында жүргендерді босаңсытып алған, яғни түн ортасында сыра ішіп жүруіне жол берген полицейлерге қатысты ішкі тексеріс басталыпты.

16 жастағы жасөспірімнің өліміне әкелген оқиғаға байланысты күдіктілер мен куәгерлерден жауап алынған. Ал жәбірленуші тарап тергеушілердің сұрақтарына енді жауап береді. Сондай-ақ дүкеннің жанында болған төбелестің видеолары да «жіті зерттеледі» дейді полицейлер. Ал Алматы облысының прокуратурасы осы қылмыс бойынша соттың ашық өтуін сұрап, өтініш жолдамақ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.