Атырау: Базарда зейнеткерді ұрып өлтірген күдіктіге қатысты сот басталды
Атырауда базар ішінде зейнеткерді ұрып өлтірген күдіктіге қатысты сот отырысы басталды. 39 жастағы жеке кәсіпкер кінәсін ішінара мойындап отыр. Қылмыс маусым айында болған. Марқұм Амандық Сағынғалиев «Газель» машинасымен жеңіл көлікті сырып кеткені үшін, күдікті оны өлімші етіп сабап тастаған. Алғашқы сот отырысына КТК тілшісі қатысып келді.
Автор: Жанат Молдашова
15.10.2024
Қоғамдық резонанс туғызған қайғылы оқиға маусым айында болған. Базар ішінде «Газель» көлігімен тауар алып жүрген зейнеткер байқаусызда «Мерседес» көлігін сырып кетеді. Ашуға булыққан жеңіл көлік жүргізушісі марқұм Амандық Сағынғалиевті тепкілеп тастаған. Ауыр соққыдан зейнеткер есін жинай алмаған күйі ауруханада қайтыс болады. Жәбірленуші тараптың қорғаушылары бұл қылмыстық іс тергеуде бірнеше рет өзгертілді дейді.
Айбар Қосымбаев, жәбірленуші тараптың адвокаты:
— Іс 107-баппен қозғалды. Қасақана дене жарақатын салу, 293 бабына өзгертілген бұзақылыққа, одан кейін 106 баптың 3-бабына ауыстырылды. Одан кейін 99-баптың 2-бөлігіне ауыстырылды. Оны қайтадан 106-баптың 3-бөлігіне ауыстырды.
Зейнеткерді ұрып өлтірген күдіктіге абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабымен іс қозғалды. Бірнеше айға созылған тергеу аяқталып, бүгін алғашқы сот отырысы басталды. Жәбірленуші тараптан келгендер залға сыймай, біразы сыртта қалды. Ал прокурор айыптау актісін оқып, қылмыстың қалай болғанын егжей-тегжей баяндап берді.
Ризабек Нұрболат, мемлекеттік айыптаушы:
— Сағынғалиевтың сол жақ бас және бет сүйегін үздіксіз, төрт рет, иегінің астынан жоғарға қарай екі рет, сол жақ бас және бет сүйегінен екі мәрте бар күшімен соққан. Оң қолымен Сағынғалиевтың желкесінен ұстап, автокөлік тұрған жаққа қарай жұлқылап әкеліп, оң жақ жұдырығымен Сағынғалиевтың сол жақ басынан, бетінен қатты соққан.
Сотталушы — 39 жастағы жеке кәсіпкер. Кінәсін толық мойындамай, тек ішінара келісіп отыр. Сондай-ақ ол судьядан бұл іске журналистердің қатыстырылмауын сұраған. Алайда судья ашық сот отырысын онлайн көрсетуге де болады деп ескертті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!