Алматы облысы: Жамбыл ауданында құбыр жарылып, үйлерді су басты
Алматы облысы Жамбыл ауданында су құбыры жарылып, бірнеше үйді су басты. Бұған тұрғындар инфрақұрылымды дұрыс жүргізбеген мердігерді кінәлайды. Тіпті қазған аумақты жөнді бітемей кеткендіктен, топырағы опырылып түскен. Соның кесірінен айналасы ми батпақ боп, аяқ алып жүру мімкін емес дейді. Ал шенеуніктер олқылықты ретке келтіру үшін компанияның келесі айдың соңына дейін уақыты бар деп отыр.
Автор: Шапағат Мырзабекова
21.10.2024
Мыңбаев ауылындағы мәселе су құбырларын жаңалағаннан кейін басталған. Бір жыл бұрын осы жұмысты мойнына алған компания жуырда ескі су желісін зақымдаған көрінеді. Соның салдарынан ауылда коммуналдық апат жиіледі дейді тұрғындар.
Бұл үйдің қасында бір емес, бірнеше рет су құбыры жарылған. Қысымның қатты болғаны соншалық, екі үйді су шайып, үйдің ауласында тұрған құрылыс материалдары бүлінген. Осының кесірінен тұрғындар екі күн бойы судан қағылған. Осы жағдайдан тағы үш үй зардап шеккен. Тұрғындар сол күнді қорқынышпен еске алады.
Алена Ныркова:
— Мердігерге қоңырау шалдық. Мамандарды шақырттық. Оларға «мына жердің бәрін су алып жатыр» деп түсіріп жібердік. Ешкім болған жоқ. Балалар аяқ киімін шешіп, ауладағы суды кетіру үшін өз күшімен ор қазды.
Балғын Сабраева:
— Жаңбыр құйып тұр. Мына жердің бәрі фонтан болып ағып тұр. Қазған балшықтың бәрі жолдың ортасына қазып көміп қойған. Балшықтың бәрі үйге ағып жатыр. Бұрынғы ескі құбырды қалай болса солай қазған. Біреу қарап тұру керек. «Мына жерде құбыр бар екен, былай қаз, былай қаз» деп. Мұқият қазбай, құбырды жұлып алды.
Таза су кіргізбек болғандардың кесірінен енді жұрттың күнделікті ішіп отырған суы лайланған. Ал жол ойдым-ойдым. Тұрғындар бұған дейін мердігердің артық қыламын деп, тыртық қылып жатқаны туралы шенеуніктерге шағымданған. Алайда ешкім құлақ аспапты. Амал жоқтығынан жұрт арнайы жиналыс ұйымдастырып, қос тарапты шақырды.
Айтжамал Ахметуллина:
— Үнемі құбыр жарылады. Сол құдықты істеуге келеді де, жаппай кетеді. Ашып тастайды. Ол көшеден балалар сабаққа барғанда белшесінен батпаққа батып өтеді. Әрең-әрең, көшеге тас қойып өтеміз. Үйден тақтай алып шығамыз.
Жобаға бюджеттен 1 миллиард 300 миллион қаржы бөлінген. Бұл ақшаға мердігер ауылдағы 39 шақырым құбырды жаңалап, екі су қабылдағыш салуы керек. Қазір жұмыстың 80 пайызы аяқталған. Тұрғындардың шағымына қатысты мердігерден жауап алайық деп едік, тілшілердің сұрағына қолын бір сілтеп тайып тұрды. Ал аудан әкімдігінде «жауапты компанияның әлі уақыты бар» деп отыр.
Қайсар Әбсейітов, Жамбыл ауданы ТКШ:
— Бізде аудан бойынша тоғыз елді мекенде су жүргізіп жатырмыз. Осындай кішкене балшық, ыңғайсыздық болады. Суды аяқтаймыз, қысымын тексереміз, қосқаннан кейін ары қарай жолын жасауға жұмыс істейміз. Бүгінде жұмыстың 80 пайызы аяқталған. Олар да 30 қарашаға дейін уақыты бар. Қазір тек қана орталық көшесі ғана қалды.
Тұрғындар 60 жылдан бері тап-таза су ағып тұрған құбырды жаңалаудың қажеті қанша дейді. Енді олар басталған жұмысты дер кезінде аяқтап, тақтайдай тегіс жол салып беруді сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!