Қырғызстанда қар көшкінінен қаза болғандардың денесі табылды
Қырғызстанда қар көшкінінен қаза болғандардың денесі түгел табылды. Қайғылы оқиға Ақ-Сай тауында болды.
Автор: Ақтоты Жұмабек
21.10.2024
Тауға сирек кездесетін өсімдіктің тамырын іздеп шыққан 14 адам қардың астында қалып қойған. Олардың бірі — Қытай азаматы. Ал қалғаны жергілікті тұрғындар. Іздестіру барысында сегіз турист Қорған-Сай ауылының маңынан табылған. Абырой болғанда барлығы дін аман. Өкінішке орай, қалған алты азаматтың мәйітін құтқарушылар араға екі күн салып анықтаған. Марқұмдардың денесі тікұшақпен Құмбел ауданындағы штабқа жеткізілді.
Тынарбек Мурашов, Жалал-Абад облысы ТЖД бастығының орынбасары:
— Чатқал ауданында жүрген қар көшкінінде алты адам қалып қойды. Кеше үш адамның, бүгін тағы үш адамның мәйіті табылды. Іздеуге 20 құтқарушы мен бір тікұшақ қатысты. Құтқарушылар мықтылық танытты. Құтқару ісіне тікұшақтың көмегі тиді. Сол арқылы Чатқал ауданында қалған алты адамның денесін алып шықтық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!