Бишімбаевтың туыстарынан пара алмақ болған Людмила Грачёваға сотталды
Қуандық Бишімбаевтың туыстарынан 100 миллион теңге пара алмақ болды деп айыпталған Людмила Грачёваға үкім кесілді. Астананың мамандандырылған ауданаралық соты оны айыпты деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды.
Автор: Айжан Шамшидин
28.10.2024
Сотта Грачева бет-жүзін көрсетпеуді талап етті. Үкім оқылар алдында соңғы рет сөз алған әйел, әу баста экс-министрдің туыстарына Бишімбаевтың 25 жыл бұрынғы оқиғасын жария ету үшін хабарласқан. Айтуынша, ақша бопсалау ойында да болмапты. Көз жасына ерік берген Людмила Грачёва судьядан кәмелетке толмаған 17 және 6 жасар баласы бар екенін ескеріп, жазаны жеңілдетуді сұрады.
Оқиғаға сәл шегінсек, Грачёваға қатысты антикорға Қуандық Бишімбаевтың анасы арызданған. Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сол кезде соты жүріп жатқан баласының «жазасын жеңілдетемін деген желеумен» осы отбасын торуылдап маза бермеген көрінеді. Соңында «100 миллион теңге ұстатсаңыздар, лауазымды тұлғалар арқылы мәселені шешіп беремін» деп уәдені үйіп-төккен. Сөйтіп бір бума жалған ақшамен Бишімбаеватардың пәтерінен шығып келе жатқанда қолына кісен салынды.
Сейфулла Тасымбетов, судья:
— ҚР ҚК 367-бабының 4-бөлігі «Аса ірі мөлшерде пара беру» бойынша 28-баптың 4-бөлігі «Арандату» қолданылғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылсын. Мемлекеттік қызметте, Ұлттық банкте, қаржы нарығын реттеу және бақылау жөніндегі уәкілетті органдарда, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқаруға өмір бойына тыйым салынсын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!