Композитор, ақын, асаба Құрманай Бақтиярқызы өмірден озды
Қазақ өнері қара жамылды. Танымал композитор, ақын, асаба Құрманай Бақтиярқызы өмірден озды.
Автор: Әсем Лесбек
28.10.2024
Өнер иесі ауыр дертке шалдығып, жеті мәрте ота жасатқанын бұған дейін әлеуметтік желідегі парақшасында жазған еді. «Менің өмірім – өлеңім» деп жырлап жүретін сазгердің артында екі қызы мен бір ұлы, немерелері қалды. Құрманай Бақтиярқызы «Алматының түндері-ай», «Толғанай», «Вокзалда қауышқан қыз», «Гүл әпше» сынды 200-ден астам хит әндердің авторы. Оның шығармаларын орындаған әншілердің атағы асқақтап, халық қошеметіне бөленетінін эстрада жұлдыздары да, продюсерлер де үнемі айтып жүретін. Қаралы хабарды естіген әріптестері марқұмның жақындарына қайғыра көңіл айтып жатыр.
Өмірқұл Айниязов, әнші:
— Құрманайдың өмірден өтуі барлығымыздың қабырғамызды қайыстырып тұр. Өнерде бірге жүрдік. Көрген жерде жадырап амандасып, «сіз-біз» десіп жүрген досымыз еді. Алланың ісіне шара жоқ. Барлық қазақ еліне, бауырларына, ата-анасына, балаларына қайғыра көңіл айтамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!