Киіз үйдегі кездесу мен қазақ – моңғол делегациясы қабылдаған 11 келісім
Қазақ - моңғол қатынасы стратегиялық серіктестікке ұласады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Моңғолияға алғашқы мемлекеттік сапары Жошы ұлысының 800 жылдығымен тұспа-тұс келді. Тарихы мен мәдениеті ортақ екі халыққа мұның мәні зор, деді Мемлекет басшысы.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
29.10.2024
Бүгіл ол Ұланбатырдағы Шыңғысханның мұражайына да арнайы барды. Мемлекет басшысына Моңғолия президенті 60 мың сөз енген қазақ - моңғол сөздігін тарту етті.
Мемлекеттік сапармен келген Қазақстан президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Үкімет үйі алдындағы Сухэ-Батыр алаңында құрмет қарауылы және сауыт киген салт атты моңғол жауынгерлері сән-салтанатпен сап түзеп тұрды. Екі елдің әнұраны шырқалып, құрметті мейманға екі балақай сәлем берді.
Мемлекет басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырған соң, Қасым-Жомарт Тоқаев «Құрметті қонақтар» кітабына қолтаңба қалдырды. Моңғолия Президентінің арнайы шақырумен келген Қазақстан президенті көрсетілген құрмет пен жасалған ыстық ықыласына ризашылығын білдірді.
«Монғолия — Қазақстанның Азиядағы сенімді серіктесі. Біздің тарихымыз — ортақ. Қазақ және монғол халықтары ұлы дала өркениетінің мұрагерлері. Ынтымақтастықты жаңа стратегиялық деңгейге көтеру екі елдің мүддесіне сай», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Қазақстан мен Монғолия арасындағы ынтымақтастық әлеуеті зор. Сауда–экономикалық, ауыл шаруашылығы, көлік логистикасы, тау-кен, өндіріс пен инвестиция жаңа технологиялар, ғарышты игеру саласында ықпалдастықты жандандыру қажет. Бұл қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық алыс-берісті дамытуға тың серпін береді деп сенеміз.
Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстан президентінің Монғолияға мемлекеттік сапары екі жақты ынтымақтастықты мүлдем жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Ухнаагийн Хурэлсух, Моңғолия республикасының президенті:
— Шын мәнінде, екі ел арасында дипломатиялық қарым қатынас орнағанына 30 жылдан асты. Қазақстан президентінің Монғолияға мемлекеттік сапары соңғы рет осыдан 16 жыл бұрын болған. Еліміз Сіздің бүгінгі сапарыңызды екі жақты ынтымақтастықтың таяу жылдардағы перспектив бағытын айқындайтын мезет ретінде қарастырады. Бұл сапар екі елдің қарым-қатынасын стратегиялық серіктестік деңгейге шығару тұрғысынан өте маңызды.
Мемлекеттер басшылары стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен Декларацияға қол қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Монғолияға мемлекеттік сапары аясында екі ел делегациясы сауда –экономикалық, зейнетақы, авиациялық іздестіру және құтқару , ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп, атом энергетикасы сияқты бірнеше салада ынтымақтастық орнату жөнінде құжаттарға да қол қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлан-Батыр қаласындағы Шыңғыс хан Ұлттық музейін арнайы барып көрді. Мұражайда 10 мыңнан аса жәдігері бар екен. Экспозицияның негізгі бөлігі ұлы қолбасшы әрі жиһангер Шыңғыс хан тұлғасына арналған. Сондай-ақ мұнда XX ғасырға дейін дейінгі монғол мемлекетінің қалыптасуы жайында артефактілер қойылған.
Мемлекет басшылары ғылым мен білім, мәдениет саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше мән беріп, жастардың қарым-қатынасын арттыра түсетін тың бастамаларды талқылады.
«Моңғол жастары үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарының есігі ашық. Сондай-ақ ғалымдарымызбен зиялы қауым өкілдерін ортақ тарихымызды бірлесе зерттеуге шақырамын. Осы маңызды қадамдар екі елдің өсіп-өркендеуіне ықпал етеді деп сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!