{metadescription}
Рекорд: 3000 өнерпаз Құрманғазының "Балбырауынын" бір мезетте орындады
Рекорд: 3000 өнерпаз Құрманғазының "Балбырауынын" бір мезетте орындады

Рекорд: 3000 өнерпаз Құрманғазының "Балбырауынын" бір мезетте орындады

Елордамызда бір мезетте 3000 өнерпаз күй атасы Құрманғазының асыл мұрасы — "Балбырауынды" орындады. Бұрын-соңды тіркелмеген тарихи сәт Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Жанды тербеп, бойға күш-қайрат беретін «Балбырауынды» ұйымдастырушылар тектен-текке таңдамапты. Соңғы кезде ырғақты, құлақ құрышын қандыратын шығармаға өзіміз түгіл, алыс-жақын шет елдердегі жұрттың қызығушылығы артқан. Әуезді күймен төңіректі көмкерген өнерпаздар өнерін КТК тілшісі көріп қайтты.

«Қазақстан» жеңіл-атлетика спорт кешеніне жиналған жұрт таң бозынан абыр-сабыр күйде. Себеп те жоқ емес. Тарихи сәттің жазылуына бір адамдай үлес қосуға тамаша мүмкіндік туып тұрғанын мұндағы алты жасар баладан алпыстағы қарияға дейін біледі.

Санаулы минуттардан кейін 3000 күйші бір мезетте Құрманғазының «Балбырауынын» орындамақшы. Дәл қазір соңғы дайындық пысықталуда. Осылайша рухты, жігер беретін күй әлемі  төңіректі тербейді.

3000 баланың бір ретпен, біркелкі қашықтықты сақтай отырып күй шертуін ұйымдастырушылар қатаң қадағалаған. Алдында отырған орындаушыға көршісі еш кедергі келтірмеуі керек. Бұл қалтқысыз шарттардың бірі. 

Саида Серікқызы, домбырашы:

Домбыра шертіп жүргеніме көп уақыт болған жоқ, 7-8 айдай. «Балбырауын» күйін техникасы мықты болғаннан кейін төрт айда үйрендім. Жалпы осындай үлкен іс-шараның кішкентай бір бөлшегі болу мен үшін үлкен бақыт.

Қос ішекті аспапты серік қылған 3000 өнерпаз мемлекеттік шығармашылық тапсырыс жобасының мұрындық болуымен үйірмеге қатысқан өрендер. Көзінде от ойнаған, сөзінде жалын бар жастармен жұмыс істеу бір ғанибет дейді дирижер Шолпан Қорғанбек. Шығарма бір болғанымен, бала саны әдеттегі күйдің ырғағына, қағыс мінезіне тікелей әсер етеді екен.

Шолпан Қорғанбек, дирижер:

Екпінге алғанға байланысты. Тез алсақ, екі жарым минут, орташа екпінде үш минут. Біз орташа екпінде жігерлі ойнауға тырысамыз. Себебі осы 3000 баланың ішінде бастауыш мектептің балалары бар, орта топтың балалары бар, 2-3 жылдай осы салада домбырада ойнап жүрген балалардың барлығының басын қосып ойнау үлкен жұмыс.

Әнұран шырқалды, ортаға салтантты түрде сұңғыла өнердің басты аспабы әкелінді. Тарихи сәтте көңілі толқып, жүрегі тебіренбеген жан болмады, әлбетте.

Атағы жер жаратын оркестрлерде, әрі кеткенде 70 адам болатынын ескерсек, мың емес, бірден үш мың оқушыны жұдырықтай жұмылдыру қажырлы еңбекті талап етеді. Құрманғазы мен Тәттімбет шерткен, сал-серілер ерткен қасиетті қара домбыраны ұлықтауға, тарихи сәтті тіркеуге Қазақсан рекордтар кітабының өкілдері де қатысты.

Қуандық Құдайбергенов, Қазақстан рекордтар кітабының Астана және аумақтар бойынша ресми өкілі:

Рекордтар кітабымен тікелей байланысты емес. Біз тек қана Қазақстан рекордтарын тіркейміз. Бірақ та, сипаттама, сілтеме берген кезде айтамыз, әлемде мұндай рекордтар болды ма, болмады ма, соны жазып отырамыз. Мақсатымыз Қазақстан рекордтарын тіркеу. Бірақ та бұл  рекорд қазір әлем рекордын бұзады. Өйткені мұндай рекорд орнатылмаған.

Қаны мен жанында күй ойнаған ұлтымыз тума таланттарға кенде емес. Шараның басы-қасында жүргендер қазақ ұлтымен егіз ұғымға айналған домбырамызды ұлықтай берсек, әлемдік  Гиннестің де ауылы алыс емес екенін бірауыздан айтуда.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде