Мәжіліс бюджет пен Ұлттық қордан кепіл трансферт туралы заң жобасын мақұлдады
Мәжіліс жаңа үш жылдық бюджет пен Ұлттық қордан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады. Тиісті құжат еліміздің 2029 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленді.
Автор: Мерей Қалиасқар
30.10.2024
Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамы мұнай бағасы барреліне 75 доллар және бір доллар үшін 470 теңге болатын базалық сценарийге негізделгенін атап өтті. Нұрлан Байбазаров болжам бойынша келер жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 5,6 пайыз, ал 5 жыл ішінде орташа жылдық өсу 5,4 пайызды құрайтынын айтты. Яғни экономиканың барлық саласында өсу байқалып, инфляция 5%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
— Бұл ретте кірістер 2025 жылы 15,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 10,4 пайыз деңгейінде болжанады. Ағымдағы жылдың бағалауымен салыстырғанда өсім 2,9 трлн теңгені құрап, 2027 жылға 18,2 трлн теңгеге дейін немесе 16,4%-ға дейін өсу күтілуде.
Ал Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, 2025 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7 % деңгейінде болады деп болжануда. Бюджеттің келер жылға арналған шығыстары ағымдағы жылмен салыстырғанда 1,7 трлн. теңгеге ұлғайып отыр. Заң жобасын талқылау барысында халықтың өмір сүру сапасын арттыру мен өңірлерді дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныс енгізіліпті.
Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:
— Бюджет, өткен жылдардағыдай әлеуметтік бағдарланған болып қала береді. 2025 жылы әлеуметтік саланың шығыстары ағымдағы жылға қарағанда 862 млрд. теңгеге ұлғайып, 9,8 трлн. теңге көлемінде жоспарлануда. Оның бюджет шығыстарындағы үлесі 38 %-ды құрайтын болады.
Бюджетте, әдеттегідей, әлеуметтік сала және азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуге басымдық беріледі. Бұл салаға 6 трлн. теңге сомасында қаржы қарастырылса, білім беруді дамыту бағытына 1 трлн. теңге жұмсалмақ.
Денсаулық сақтау жүйесіне алдағы 3 жылға арналған шығыс 7,6 трлн теңге. Премьер-министр 32 трлн теңгеге өтінімдер түскенін алайда қолда бар қаражат 15 трлн теңге екенін жеткізді. Сол себепті экономиканы дамытып, елде жоғары өңделген тауарларды өндіруге күш салғанда ғана бағдарламалар орындалып, бюджеттік кірістер де өседі деді Бектенов.
Төрт сағатқа созылған талқылауда депутаттардың басым бөлігі үш жылдық бюджетті ақыры мақұлдады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!