Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтару мүмкіндігі қаралуда
Қытайда жазасын өтеп жатқан отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтару жұмыстары қарқын ала бастаған. Бас прокуратура өрімдей жас қыздың мәселесіне қатысты келіссөздердің бір күнге де тоқтамағанын мәлім етті.
Автор: Айжан Шамшидин
31.10.2024
Осыдан тура он жыл бұрын Гуанчжоу әуежайында жүгінен төрт жарым келі есірткі табылып, өмір бойына бас бостандығынан айрылған Ақжарқынды экстрадициялауға Қазақстан тарапы бірнеше рет талпынды. Бірақ Қытай жағы сотталушының жазасын сот жеңілдетіп, яғни нақты бір мерзім кескенде ғана Отанына сол жазаны өтеуге жіберетінін айтқан. Тек соңғы жылдары ғана қос елдің дипломатиялық қарым-қатынасының жоғары деңгейде болуы әсерінен бұл қылмыстық істің жылы лебі байқалады.
Айта кетейік, Бас прокуратураның мәліметінше, 900 қазақстандық жазасын шетелде өтеп жатыр. Ал еліміздің абақтыларына 1085 шетел азаматы тоғытылған.
Ғалымжан Қойгелдиев, ҚР Бас прокурордың орынбасары:
— Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты айтарым болса, біз сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, Қазақстанның азаматын Қытайдан қайтаруға бар күш-жігерімізді салудамыз. Біз ол жұмысты тоқтатқанымыз жоқ. Ол жұмыс белсенді атқарылуда. Өз жазасын елімізге келіп өтеуге қатысты оның арызы бізге түскен. Ол елге келіп жазасын өтегісі келеді. Онымен оның адвокаты тұрақты түрде байланысып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!