«Қола домбыра»: Республикалық оқушылар айтысының жеңімпаздары анықталды
Елордада «Егемендігім — елдігім!» республикалық оқушылар айтысының жеңімпаздары анықталды. Суырып салма өнерді қолдау үшін Оқу-ағарту министрлігі Айтыс одағымен бірлесіп, El Umiti корпоратив қорының демеуімен тұңғыш рет «Қола домбыра» айтысын өткізді. Мақсат — мектеп қабырғасындағы жас ақындарды қолдап, шабытына қанат бітіру. Орақ ауызды кіл жүйріктердің сайысына белгілі айтыс ақындары төрелік етіп, шын жүйріктердің өнеріне әділ бағасын берді.
Автор: Мерей Қалиасқар
04.11.2024
Серікзат Дүйсенғазы, жоба жетекшісі, ақын:
— Бұған дейін мұндай жоба болған жоқ. Үш сатылы айтыс өткіземіз деп жоспарлағанбыз. Ол оқушыларды қола домбыра, студенттерді күміс домбыра және үлкендерді алтын домбыра. Республика күніне байланысты өткізіп отырмыз соның құрметіне деп. Жастарымыз тілге тиек етіп, еңбек адамы қандай болу керек, адал азамат қандай болу керек, әділетті қоғам қандай болу керек деген дүние балалардың тілімен айтылып жатыр.
Дүбірлі додаға республика бойынша 22 ақын қатысып, айтыстың алғашқы күні 11 жұп болып бақ сынасты. Ережеге сәйкес солардың ішінен 8 іріктеліп, келесі кезеңге жолдама алды. Ал финалға маңғыстаулық Байжігіт Бейбіт пен шымкенттік Ислам Әли сүрінбей жетіп, аға мен іні арасындағы сыйластықтың шынайы үлгісін көрсетті. 500 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйақысы бар бас жүлде және қола домбыра айтысты жандыра түскен 11 жастағы Шымкент қаласының жүйрігіне бұйырды. Сөз сайысқа қатысып, топ алдында тапқырлығымен тамсандырған айтыскерлерге алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар және арнайы жүлделер табысталды.
Әли Ислам, Республикалық оқушылар айтысының жеңімпазы:
— Айтысқа тоғыз жасымнан бері қатысамын. Содан бері бәйгелерден қалмай, тұлпарлармен бірге оза шауып жүрген ақынның бірімін. Мақсатым — бұйырса, бүкіл Қазақстан мойындаған ең мықты шайыр, айтыстың ақтаңгері Бекарыс Шойбековтей Қазақстанның үлгі тұтатын ақыны болғым келеді. Бүгінгі айтыс керемет, ойдағыдай, өте жақсы, үлкен дәрежеде өтті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!