{metadescription}
Оқу-ағарту министрі уақытты кері қайтаруға қатысты ұсыныс жасады
Оқу-ағарту министрі уақытты кері қайтаруға қатысты ұсыныс жасады

Оқу-ағарту министрі уақытты кері қайтаруға қатысты ұсыныс жасады

Қыс түспей жатып, оқушылардың мектептен тас қараңғыда қайтуы көпті алаңдатып отыр. Мәселені бүгін мәжіліс қабырғасында оқу-ағарту министрлігі де сөз етті. Қалай болғанда да, биыл уақытты кері қайтаруға қатысты еш өзгерістің қарастырылмайтыны анық. Үкімет нақты ұстанымын айтқан соң, жауапты сала басшысы Ғани Бейсембаев мәселені шешудің өз жолын ұсыныпты. Енді кей өңірде сабақ уақыты 45 минуттан 40 минутқа қысқарады. Ал қалған бес минуттың оқу бағдарламасын қайтпекші?

Бүгін төменгі палата депутаттары Оқу-ағарту министрін ортаға алып, төрт сағат бойы тапжылмай бала құқықтары мен білім беру саласындағы мәселелерге кідірді. Қарапайым жұрт баласын мемлекеттік бақшаға кіргізе алмаған соң, жекеменшікті жағалайды. Оның сыры көбімізге мәлім. Алақандай жерге алпыс баланы бір-ақ тығатын мекемеге тіс батырып тексеретін норма болмай тұр.

Еділ Жаңбыршин Мәжіліс депутаты:

Ата-ана нәпақа табу үшін күні-түні жұмыста. Үйде бала қарап отыруға жағдай жоқ, амал жоқ, балабақшаға береді. Қазір кім көрінген балабақшаны ашып алды. Құрылысшы да ашып алды, агроном да ашып алды. Біліп отырсыздар ма, психологиядан хабары жоқ адамдар сабақ береді, тәрбие береді. Сол үшін бұл мәселе лицензиялауда.

Көбіне бизнестің күйін күйттеп бұра тартқанымызбен, бала мәселесіне келгенде жұмсақтық танытуға болмайды деп санайды депутаттар. Ведомство басшысы да бұл уәжбен келіскендей. Себебі саланы лицензиялауды қолға алмаса, педагогиканың мұрнына иісі бармайтындар кәсіптің басы-қасында жүр.

Мұрат Әбенов, Мәжіліс депутаты:

Біз көбіне бизнесті алға қоямыз. Бизнес шулайды, бизнес жұмыссыз қалады деген мәселе дұрыс емес. Бизнесті асырау үшін бизнеске жұмыс тауып беру үшін ғана әңгіме айтып жатқан сияқтымыз. Арнайы топтар бар, балабақшаны бақылауға алайық десек, шулай қалады. Барлығымызды аралап, министрлерге де басымдық жасайды, кейбір кезде.

Қатып қалған сең орта білім беру саласында да сең қозғалғандай. Маңғыстаудағы оқушылардың жаппай улануынан кейін еліміздегі мектеп асханалары сүзгіден өткізіліпті. Тексеріс нәтижесі 200 білім ордасы оқушыларын өлместің күйімен ауқаттандырғаны белгілі болған. Ал буллингтің көкесі мектептен басталатынын ескеріп, бұған дейін "дәретханалардың кіреберісіне бейнекамера қоюымыз мүмкін" деген ұсынысынан оқу-ағарту министрлігі бас тартқан.

Ғани Бейсембаев ҚР Оқу-ағарту министрі:

Жаңадан салынып жатқан мектептерде жағдай, бөлек. Бұл жерде дәретхана барлық адамдың көз алдында болуы керек. Бұрынғы білім беретін мекеме дәретханаларының орналасуы көбіне түкпір жерде,көзден таса жерде орналастырылған.

Көп өңірде сағат тілінің артқа жылжуы қыс басталмай жатып-ақ қолайсыздық туғызуда. Әсіресе екінші ауысымда балалары оқитын ата-аналар тас қараңғыда үйге оралатын перзентіне алаңдап отыр. Сондықтан кей аймақтың атқамінерлері мәселені сабақ уақытын 45 минуттан 40 минутқа қысқарту арқылы шешуді жөн санапты. Оқу бағдарламасына сыймаған бес минутты оқушылар каникул кезінде өтейді.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Бұл жағдай Павлодарда болғанын жақсы білеміз. Осыған қатысты білім басқармасы мен әкімдікке ұсындым. Үш ауысым мектепке қатысты туындаған мәселе. Бес минут ұрланбауы керек. Егер ұрланатын болса, онда каникул кезінде немесе жазғы, көктемгі каникулда осының орнын толтырып, қадағалап отыруды тапсырдым.

Оқу-ағарту министрлігі жыл санап қатары көбейіп жатқан ерекше балалардың да мәселесі назардан тыс қалмайды деп сендірді. Баласына диагноз қойыла сала, мыңмен жалғыз күресетін мұндай ата-аналарға көмек күшейтіледі. Мәселен, келер жылдан бастап колледждерде педагог-ассистент лауазымы арнайы оқытылады. Ал тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар үшін мектепте «Жеке көмекші» лауазымы енгізіледі. Осылайша қоғамға ауадай қажет маман саны екі жарым есеге артады деп отыр Ғани Бейсембаев.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.