«Хасанның тапсырысымен соққыға жығылды» деген спортшының жақындары — күзетте
Талғарда Хасан Қасымбаевтың тапсырысымен соққыға жығылды делінген спортшының жақындары күзетке алынды. Ережесіз жекпе-жек шебері Арман Әлімовтің анасы бүгін тілшілерге үш жыл бұрынғы оқиғаны жіпке тізгендей айтып берді. Ол бұл қастандықты «хуторлықтар» деп аталатын қылмыстық топ мүшелері жасағанына сенімді. Ал оған тапсырыс берген сол топтың басшысы Хасан Қасымбаев екенін айтып отыр. Әйел бұл туралы «сол уақыттан бері қанша айтсам да, ешкім құлақ аспады» дейді. Расымен Талғарда қылмыстық топ бар ма? Оған Хасанның қатысы қандай? Бұл сұрақтарға бүгін ішкі істер вице-министрі жауап берді.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
06.11.2024
Осыдан үш жыл бұрын бір топ адамның соққысына жығылған ережесіз жекпе-жек шебері Арман Әлімовтің анасы ұлына қастандықты «хуторлықтар» деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топтың жасағанын айтады. Ал оған тапсырыс берген солардың басшысы Хасан Қасымбаев екеніне сенімді.
– Біз бәріміз мұндай ұйым барын білдік. Талғар кішкентай ғой. Іс қаралғанда Хасан Қасымбаев қылмыстық топтың басшысы деп көрсетіп тұрсақ та, бізді ешкім естімеді. Содан-ақ оның байланыстары мықты екенін білдік. Ол бірінші сотта куәгер ретінде қатысты, екінші ретте тіпті бой көрсеткен жоқ.
Әйелдің сөзінше, 2021 жылы бір топ жігіт Арманды ұрып-соғып, сосын көлікке салып айдалаға апарып тастаған. Кейін Хасанның өзі сол жерге барып, тапсырыстың орындалғанына көз жеткізген көрінеді. Бұл жағдайдан спортшы ауыр жарақаттар алған. Алайда оны ұрып-соққандар бірінші ретте сот залынан босатылыпты. Кейін іс қайта қаралып, бес жігіт әртүрлі мерзімге түрмеге қамалған.
– Олар менің ұлым «хуторлықтарға» қарсы адам жалдаған деп ойлаған. Яғни сол кезде болған атысты Арман ұйымдастырған десе керек. «Хуторлықтар» мен қарсы тарап сотта өзара достасып, бәрі шартты жаза алған. Содан кейін Хасан менің ұлымның артына түсті.
Хасан Қасымбаев осы қылмысқа тапсырыс берді деген күдікке енді ғана ілініп отыр. Қазір оған қатысты тергеу жүріп жатыр. Ал Талғарда расымен ұйымдасқан қылмыстық топ бар ма, Қасымбаевтың заңға қайшы әрекеттерін полицейлер жасырып келген бе? Бұл сұрақтарға бүгін ішкі істер вице-министрі жауап берді.
Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер вице-министрі:
— Біздің қызметкерлерге қатысты мәселе қаралып жатқан жоқ. Жаңа ашылған мән-жайларға байланысты ол ауыр қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Барлық процессуал әрекетті біздің қызметкерлер бірінші кезеңде орындады. Бізде бір қылмыстық топ жойылса, жаңасы пайда болады, біз оларды есепке аламыз. Алайда қазір 90-жылдардағыдай қылмыстың өршуі мен ұйымдасқан топтар бар деп айтуға болмайды.
Кеше Хасан Қасымбаев сот санкциясымен екі айға қамауға алынды. Оның ісі «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» және «Адам ұрлау» баптары бойынша тергеліп жатыр. Ал жәбірленуші Арман Әлімовтің жақындары үш жылдан бері үреймен өмір сүріп келгенін айтады. Сондықтан қазір олар күзетке алынған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!