Түркі мемлекеттері ұйымының Орталық банктер кеңесі құрылады
Түркі мемлекеттері ұйымының Орталық банктер кеңесі құрылады. Бұл туралы бүгін Бішкекте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XI саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Мемлекет басшысы Ұйымға мүше елдер арасында қаржы-инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайту қажет дейді.
Автор: Сәбит Әлдебай
06.11.2024
Қасым-Жомарт Тоқаев қазір бұл бағытта Түркі инвестициялық қоры ерекше рөл атқарып келе жатқанын айтты. Сонымен қатар Президент тараптардың Орталық банктер кеңесін құру туралы бастаманы бірауыздан құптағанын жеткізді.
Ұйымға мүше елдің президенттері жиналған шарада сегіз түрлі құжатқа қол қойылды. Онда «Түркі әлемінің жасыл дамуы: орнықты келешектің бірлігі» туралы шешім мен Бішкек қаласы 2025 жылы Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық астанасы етіп жариялау туралы құжат бар.
Президент еліміздің Түркі мемлекеттері ұйымындағы төрағалығы аясында атқарылған шараларға тоқталды. «Ынтымақ Ордо» ғимаратында өтіп жатқан алқалы жиын Түркі мемлекеттері ұйымының 15 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын тілге тиек етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Бұл – мерейлі белес. Осы сәтті пайдаланып, баршаңызға құтты болсын дегім келеді. Түркі мемлекеттері ұйымы аз ғана уақыт ішінде беделді құрылымға айналды. Оның әлемдік мәртебесі артты. Бұл – ең алдымен, берекелі бірлігіміздің, ортақ күш-жігеріміздің арқасы. Осы басқосу ырысты ынтымағымызды одан әрі нығайта түседі деп сенемін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!