Түркістан облысында лейшманиоз ауруы көбейді
Түркістан облысында «лейшманиоз» ауруы көбейді. Денесін жара басқан тұрғындар мұны уран өндіретін кәсіпорын жұмысымен байланыстырып отыр. Себебі Отырар ауданындағы уран өндіретін Заречное кен орнындағы зиянды қалдықтың далаға төгіліп жатқанын кәсіпорын жұмысшысы әлеуметтік желіге жариялаған.
Автор: Бек Әбиев
06.11.2024
Осыдан кейін арнайы комиссия табиғатты улап жатқан кен орнында тексерісті бастады. Соның қорытындысы бойынша кінәлілер анықталмақ. Ал дәрігерлер жұрт арасында тараған жара кеміргіштерден жұғуы мүмкін дейді.
Видеоны Отырар ауданында орналасқан Заречное кен орнының жұмысшысы түсірген. Кәсіпорыннан шыққан зиянды ерітінді арнайы орынға емес, жерге төге салған көрінеді. Видео әлеуметтік желіге жарияланған соң, кәсіпорынға жақын орналасқан ауыл халқынан маза кетті. Өйткені сол маңда тұратын тұрғындар арасында «лишманиоз» деп аталатын жара таралыпты. Шыққан жерінің етін үңірейтіп жіберетін кесел кәріге де, жасқа да жұққан көрінеді. Мәселен, дәрігерлер бір ғана Көксарай ауылындағы 118 тұрғыннан осы аурудың белгілерін анықтапты.
Мөлдір Жайлаубаева:
— Ауыртады, қақсайды. Міне, бетімде бар. Содан кейін ішінде құрт жүргендей болады. Жаман сезілетін. Қышығанда өлтіріп жібереді. Қазір алты баламның бесеуіне шықты, биыл төртінші жыл-ау деймін.
Тұрғындар жара қаптағанын кәсіпорын жұмысымен байланыстырады. Себебі, «лишманиоз» ауруы уран кен орны ашылғаннан бастап пайда бола бастады дейді. 90-шы жылдары кәсіпорын жұмысы тоқтаған кезде ауру да жоғалып, соңғы 15 жылда қайта тарала бастаған.
Жолбарысхан Мырзапейіс:
— Күдігім сол, ерітіндіден жұғуы мүмкін, күйдіріп, кішкентай бірнәрсе болса күйдіреді. Содан жұғып, бір жағына кішкентай ұшқыны тиіп жатыр ма, ол белгісіз нәрсе. Осы анықталса екен дейміз.
Алайда дәрігерлер, бұл жараның уран өндірісіне қатысы жоқ дейді. Себебі, «лишманиоз» тышқан, саршұнақ сияқты кеміргештерден жұғады екен. Сондықтан аурудың алдын алу үшін дезинфекция жасау керек дейді.
Жанат Мұса, Көксарай емханасының дәрігері:
— Бұл жараның тасымалдаушысы кеміргіштер, одан адамға жұқтыратын маса, шыбын-шіркей болғандықтан, көктем, күзгі дезинфекция жұмыстарын күшейту керек шығар. Сосын халыққа санитарлық ағарту жұмысын көп жүргізу керек. Біз эпидаймақ болғандықтан, сырт киімін киіп жүру керек.
Десе де зиянды қалдықтар далаға төгілген видео жарияланған соң кәсіпорында тексеріс басталды. Соның нәтижесі бойынша жауаптылар жазаланады дейді басшылар.
Манас Ысқақов, "ҚазАтомөндіріс" АҚ өндірістік-қауіпсіздік департаментінің директоры:
— Алдын ала нәтиже бойынша видеода көрсетілген жерде шектеуден асқаны анықталған жоқ. Бірақ басқа жерлерден жаңадан ерітінді төгілгені анықталды. Ол жөнінде енді біз қазір бүкіл кәсіпорында ішкі қызметтік тексеру тағайындадық. Сол тексерудің нәтижесімен шара қолданамыз.
Ал кен орнының аумағынан сынама алған экология департаменті күкірт қышқылының төгілгенін анықтапты. Сондықтан енді бұл іспен құзырлы органдар айналысады. Сондай-ақ табиғатты ластаған кәсіпорын химиялық сұйықтық төгілген орындарды қайта қалпына келтіруге міндеттеледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!