Дүлей дауыл: Қарағанды облысында әр жерде төтенше жағдай тіркелді
Қарағанды облысында түнде күшіне мінген дүлей дауыл шатырларды ұшырып, ағаштарды құлатты. Электр желілерін де зақымдап, облыс орталығындағы 10 шақты көше жарықсыз қалды. Арнайы бригадалар түннен бері жөндеп жүр. Күндіз де боран қарқыны басылмай, әр жерде төтенше жағдай тіркелді.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
07.11.2024
Қарағанды облысында дүлей дауыл кеше түннен соққан. Өңірде тоғыз жерде ғимараттардың шатырын жұлып әкетті. Аулада ағаштар құлап көліктерді басты. Электр желілері үзіліп, қала орталығындағы жеті көше бойындағы жүздеген көпқабатты үй мен 43 мекеме жарықсыз қалды. Бүгін оларға біртіндеп жарық беріліп жатыр. Ал көктайғаққа айналған Қарағанды - Астана жол түні бойына жабылды. Күндіз полицияның жол бастауымен ұзын-сонар керуен аяңдап жылжыды. Жағдай түзелмесе, жол түнде қайта жабылуы мүмкін. Қарағандыда мектеп оқушылары қашықтан оқыды. Өйткені боранның қарқыны қайтар емес. Тіпті ғимарат шатыры тапа-тал түсте жұлынып кетіпті. Жабынды тұрақтағы көлікті зақымдаған.
Ольга Погромская:
— Зәреміз ұшты. Қару-жарақ сататын дүкенде істейтіндіктен, бірдеңе жарылды ма деп қалдық. Сасқанымыздан отырған жерімізден қозғала алмай қалыппыз. Кейін білсек, шатырымыз жұлыныпты. Біздің қызметкердің көлігін зақымдаған. Қайта ары-бері жүрген адамдардың үстіне түспеген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!