Ақтөбе облысында тікұшақ апатынан қаза тапқан әскериді жерледі
Ақтөбе облысында тікұшақ апатынан қаза тапқан әскериді ақтық сапарға шығарып салды. 36 жастағы офицер Батыр Оразымбетов өзі білім алған Талғат Бегелдинов атындағы әуе күштері институтында еңбек еткен. Қаралы митинг те аталмыш жоғары оқу орнында өтті. Сенбі күні Сарыжар ауылы маңында құлаған тікұшақта марқұммен бірге екі әріптесі болған-ды. Аман қалған олар ауруханада. «Жағдайы жақсы, беті бері қарады» - дейді дәрігерлер.
Автор: Жаңалық Ахаш
11.11.2024
Әскери ұшқыштарды оқытатын оқу орнынының алаңқайына таң ата курстанттардан бастап, оқытушылар мен қаралы жиынға келгендер жинала бастады. Барлығының айтары бір — батыр атына заты сай азамат. Тікұшақ апатынан қайтқан Батыр Оразымбетов институтта 15 жыл еңбек етіп, жастарды ұшақ пен тікұшақ тізгіндеуге үйреткен. Өзі осы әскери әуе күштері институтын тәмамдаған. Майордың жалпы көкте ұшу уақыты 500 сағаттан асады. Оның артында аңыраған жары мен екі баласы қалды.
Бауыржан Қаражанов, Б.Оразымбетовтың досы:
— Батыр жан досым. Бірге 2006 жылы оқуға түскенбіз. Сол кезде таныстық. 2006 жылдан бастап дос болдық. Бірге оқыдық, қызмет атқардық. МИ-8 тікұшағында ұштық. Өте ашық адам еді. Бәріне көмектесуге дайын тұратын. Солай, әр уақытта хабарласа қалсаң, ұшып жетіп келетін, қасыңда болатын.
Марқұммен бірге тікұшақ құлаған кезде жанында екі әріптесі болыпты. Әскери институттың авиация эскадрилья командирі Бибарыс Ибраев пен оқу-жаттығу авиация орталығының аға ұшқыш-нұсқаушысы Рүстем Нығметов облыстық ауруханада жатыр. Беті бері қараған. Сүйегі бүтін. Жансақтау бөлімінен бүгін ортақ палатаға ауыстырылыпты.
Масұт Оразжанов, Ақтөбе облысы ауруханасының бөлім меңгерушісі:
— Бүгін жағдайы тұрақты болғандықтан ортақ бөлімге ауыстырдық. Көбіне жарақаттар алған. Аралас жарақаттар: миы шайқалған, кеудесі соғылған, іш құрылысы зақымданған. Ота жасалатындай жағдай емес. Жалпы консервативті ем алады.
Сенбіде Сарыжар ауылы маңында қорғаныс министрлігіне қарасты МИ-8 тікұшағы апатты жағдайда қонуға мәжбүр болады. Қонар сәтте жерге гүрс етіп, жанармай құятын бөлігінен от тұтанған. Министрліктегілер экипаж мүшелерінің кәсібилігіне күмәніміз жоқ деп отыр. Қаралы митиңгіге қатысқан Әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы апатқа техникалық ақау себеп болды дейді.
Дәурен Қосанов, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
— Техникалық ақау. Тергеу туралы ақпарат беріледі. Тікұшақ экипажы тәжірибиелі және күндізде де, түнде де, қиын метеорология жағдайда, соның ішінде төтенше жағдайларда тапсырма орындау үшін кәсіби түрде дайындалады.
Тікұшақ апатына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Онымен батыс аймақтық әскери-тергеу басқармасы айналысып жатыр. Ал жанып кеткен МИ-8 ұшағын соңғы рет былтыр Алматыдағы зауытта жөндепті. Ақау қай жерінен шыққанын енді арнайы құрылған комиссия анықтайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!