Доллар бағамы 500-ге жақындап қалды. Сарапшы пікірі
Доллар бағамы 500-ге жақындап қалды. Бүгін Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықта шетел ақшасының құны 494 теңгеге көтерілген.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
12.11.2024
Алматыдағы ақша айырбастау орындарында АҚШ валютасы 494-497 теңге аралығында саудаланып жатыр. Есеп бойынша, доллар небәрі бір айдың ішінде 10 теңгеге шарықтапты. Шетел ақшасының өсуін экономистер мұнай бағасының арзандауымен байланастырып отыр. Әсіресе АҚШ-тағы президент сайлауынан кейін қара алтынның құны күн санап құлдырап барады. Қазір Brent маркалы мұнайдың 1 баррелі 72 долларға дейін түскен. Бірақ бұл әлі шарықтау шегі емес.
Сарапшылардың болжамынша, келесі жылы мұнай бағасы 50 долларға дейін арзандауы мүмкін. Дональд Трамптың саяси додадағы жеңісінен кейін биткойн бағасы да рекорд орнатты. Әлемдегі ең қымбат криптовалютаның құны соңғы мәліметке сәйкес, 87 мың доллардан асып кеткен.
Меруерт Махмұтова, экономист:
— Трамп сайлауды жеңгеннен бері оның уәдесінің бірі, мұнай өндірісін ұлғайтып, бағасын төмендетіп, жанар-жағармайдың бағасы төмендейді, сонда АҚШ-тың әр азаматы пайда көреді дегендей уәде берген. Сол қазірден іске қосылмай жатса да, бірақ нарыққа белгі беріп жатыр. Ол біріншіден. Екіншіден, Сауд Арабияның мұнай министрі ОПЕК+ елдері мұнайды өндіруге шектеуіне бағынбай жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!