Алматы облысы: Жер сілкінісінде Есік қаласында дабыл қате қосылып кеткен
Алматы облысы маңында болған жер сілкінісі кезінде Есік қаласында дабыл қате қосылып кеткен. Яғни жер дүмпуінен хабар берудің орнына, әуе және радиациялық қауіп төнгені туралы дабыл жүйесі ойнапты. Зәре-құты қашқан төңіректегі тұрғындарға ескертпе СМС-хабарлама да тараған. Салаға жауапты министр Шыңғыс Әрінов бұл олқылыққа қатысты қызметтік тексеріс басталғанын айтып отыр.
Автор: Айжан Шамшидин
12.11.2024
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
— Ол жағдай бойынша қызметтік тексеріс өтіп жатыр. Әрине, техникалық ақау болғандықтан, сондай техникалық қателіктер болады. Қазір оның барлығын жетілдіруге бағдарламамыз бар. Мәселелер жеткілікті. Көп қала сол жүйемен жабдықталмаған.
Төтенше жағдай кезінде қосылатын дабыл жүйесін қолмен қосуға да, автоматты жолмен басқаруға да болады екен. Жаман айтпай жақсы жоқ, дегенмен жер сілкінісі оңтүстік аймақтарда 5 жарым балға жеткен кезде, ешкімнің айтуынсыз-ақ жүйе қосылады деп сендірді төтенше жағдай министрі.
Шыңғыс Әрінов су тасқыны жайлы хабарлау әдістері де қолға алынды дейді. Оның айтуынша, бұл мақсатта тұтас Қазақстанның рельеф картасы әзірленіп жатыр
Естеріңізге сала кетейік, көктемгі алапат су тасқынынан кейін су және ирригация министрлігі төтенше жағдайлар ведомствосын басшылыққа ала отырып, қарғын судың алдын алу тетіктерін жасап шығару керек болатын. «Қазгидромет» биылғы қыста қар қалың түсетініні айтып, әзірден жауапты министрліктерді кез келген жағдайға дайын болуға шақыруда.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
— Қазақстанның барлық елді мекенін бүгінде цифрландыру картасына енгізіп жатырмыз. Ойлы-қырат, адам аяғы баспаған жерлерді де қамтуымыз қажет. Біздің елде әлі бұл жүйе бұған дейін жұмыс істемеген. Сондықтан әзірге нақты ештеңе айта алмаймын. Премьер-министр тапсырма берді, қазір жұмыс жүргізілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!